Қазақстан Қырғызстанға ұсынған 100 миллион доллар көмегін қандай да бір темір-терсек күйінде берер еді - деді қырғыз премьер-министрі Сапар Исаков.

Бішкек қаласында қазан айының 30-ы күні өткен үкімет отырысында Сапар Исаков журналистер мен министрлер алдында ел билігі Қазақстан ұсынған 100 миллион доллар көмектен не үшін бас тартқандығын түсіндірді. Ол онда: «Қазақстан шекарасын ешқандай ескертусіз күшейтілген режимге көшірді. Бұл Қырғызстанның макроэкономикалық көрсеткіштеріне әсер етіп, сыртқы сауда-саттық жұмыстарын баяулатады. Біз Қазақстан ұсынған 100 миллион доллар қаржыны ұзақ күтсек те одан бас тарттық. Себебі Қазақстан оны бізге бәрібір техникалық көмек ретінде қандай да бір темір-терсек күйінде берер еді» - деген.

Естеріңізге салайық, Қырғызстан Жоғары Кеңесі қазан айының 25-сі күні Қазақстан ұсынған 100 миллион доллар көмектен бас тартуға байланысты заң жобасын мақұлдаған болатын. Қырғыз билігінің бұл шешімі қоғамда қызу талқыланып, жұртшылық бұны бірнеше айдан бері Атамбаев пен Назарбаев арасындағы текетірестің салдарынан болған жағдай деп бағамдаған.

“The Qazaq Times”