Жыл басынан бері Қазақстанда 9 ұшақ апаты тіркеліп, 11 адам қаза тапқан. Көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында екінші орында тұр. Бұл туралы Астанадағы Бас көлік прокуратурасы, Авиация саласындағы жетекшілер және ардагер мамандар қатысқан жиналыста мәлім болды, деп хабарлайды 24 kz.

"Біз қауіпсіздіке кері әсер ететін бірнеше себепті анықтадық. Біріншісі – ұшақтардың техникалық жағдайы. Қазір жеңіл авиациядағы ұшақтардың 75 пайызы 30 жыл бұрын құрастырылған. Бұл тек тіркелгендері ғана. Ал екінші себеп – апаттарды жасыру. Мәселен, Азаматтық авиация академиясы «ТЕХНАМ» ұшағы құлағанға дейін осыған ұқсас апатты жасырған болып шықты. Егер академия бұл туралы хабарлағанда жауапты орган бір шешім қабылдар ма еді", - дейді ҚР Бас көлік прокуратурасының басқарма бастығы Алмас Аманов.

Азаматтық авиция саласында 40 жылдан астам еңбек өтілі бар ардагер Мақаш Әбішевтің немересі  осындай апаттан қаза тапқан. Биылғы жылдың тамыз айында Алматы түбінде құлаған «ТЕХНАМ» ұшағының ішінде қарияның немересі болған. 22 жастағы курсант Айдар Әбішев апаттан аман қалмады. Сондықтан Мақаш Әбішев саладағы жүйеге өзгеріс керек екенін айтады.

"Маған ұшақ құйын ағынына түсті деп айтқылары келеді. Ал оған не себеп болды? Басшылар мен жүйенің жауапсыздығы. Осының алдын алу қажет. Мен жас жігіттердің қаза тапқанын, ата-аналардың мен сияқты жылағанын қаламаймын. Жауапты мекеме өкілдері бұл іске қатысты тергеудің әлі жүріп жатқанын жеткізді. Жалпы жыл басынан бері елімізде 9 ұшақ апаты тіркеліп, 11 адам қаза тауыпты. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында екінші орында тұр", - деді Мақаш Әбішев.

Ал ҚР Инвестициялар және даму министрлігі басқарма басшысы міндетін атқарушы Жамбыл Исиннің сөзінше, авиациялық апаттардың 44 пайызына адами фактор, 31 пайызына ауа райы себеп болады екен. Сондай-ақ авиациялық техниканың сыр беруі апаттардың 25 пайызында байқалады екен.

Ал мұндай апаттарды алдын алудың әзірге ешбір механизмі қолға алынып отырған жоқ.

“The Qazaq Times”