Қазақстан тарапы қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды халыққа дұрыс түсіндірмей отыр – деп мәлімдеді Қырғызстан Сыртқы Істер министрлігі баспасөз қызметі.
Бүгін яғни қазан айының 27-сі күні қырғыз тарапы таратқан ресми мәлімдемеде: «Қырғызстан жұртшылығы осы уақытқа дейін қазақ-қырғыз және Қазақстан-Ресей шекарасында болып жатқан жағдайларды сырттай бақылап отыр. Аталмыш шекараларда қазан айының басынан бері кеден қызметі күшейтілген режимге көшкен. Бірақ бұның барлығы ЕАЭО заңдары мен қазақ-қырғыз одағына қайшы келетін әрекеттер. Қазақстан билігі қазақ-қырғыз шекарасында болып жатқан жағдайларды осы уақытқа дейін әртүрлі түсіндіріп келді. 11 қазан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік қызметі қазақ шекарашыларының күшейтілген режимге көшуін «қауіпсіздік шараларын күшейту» деп түсіндірген. Ал 14 қазан күні ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды Қырғызстандағы президент сайлауымен байланыстырды. Бірақ кейінен 15 қазан күні ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай ЕАЭО заңдарына сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың көрінісі деген ақпарат таратты. Осылайша Қазақстан билігі қос елдің халқына дұрыс ақпарат бермей отыр» - делінген.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан кеден қызметін қатаң сынға алып, қырғыз билігі осы уақытқа дейін ЕАЭО елдеріне жалған ақпарат беріп келді деген болатын.