ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев пікір қалдырушылардың алдын алу және блогерлерді тіркеу туралы нормалардың Заң жобасынан алып тасталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Абаев министрліктің ақпарат және коммуникациялар мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша түрлі алаңдарда қоғамдық талқылау өткізіп жатқанын атап өтті. "Бұл процеске сарапшылар мен журналистер және азаматтық сектор тартылуда. Талқылаудың барлық кезеңінде қатысушылар айрықша назар аударған нормалардың бірі жасырын пікір қалдырушылардың алдын алу (деанонимизация) мәселесі болды", - деп жазды министр Facebook желісіндегі парақшасында. Бұл туралы Kaz.tengrinews.kz хабарлайды.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бұл норма троллингке, тексерілмеген ақпараттарды тарату мен арандатуға, экстремизмді насихаттау мен әлеуметтік жанжалдарға шақыруға қарсы күреске бағытталған еді. Сонымен қатар, жұмыс тобы отырыстарының шеңберінде сарапшылар мен журналистер тарапынан блогерлерді тіркеу ұсынысына қатысты көптеген ескертпелер түсіпті.
"Біз бұл нормада желідегі танымал қолданушылардың БАҚ-пен теңестірілуін және бұл процестің ерікті түрде атқарылуын қамтамасыз етуді көздеген болатынбыз. Министрлік барынша ашықтықты ұстанғандықтан және қоғамның әрбір ұсынысын ескеруді жөн көргендіктен, бүгін жоғарыда аталған нормаларды Заң жобасынан алып тастау жөнінде шешім қабылданды", - деп мәлімдеді Дәурен Абаев.
Еске салайық, осыған дейін Қазақстанда заңға Интернетте өз аты-жөнімен тіркелмегендерге пікір жазуға тыйым салуды қарастыратын түзетулер енгізілетіні хабарланған.
"The Qazaq Times"