ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы шағын және орта бизнес орындарының қызметімен танысты, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ол  алдымен «Magnum Cash&Carry» ЖШС аралап, шаруашылық және азық-түлік тауарларының, нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер, жеміс-көкөніс және ет-сүт өнімдері секцияларын көріп шықты.

«Magnum Cash&Carry» компаниясының мәліметінше, Алматыдағы бөлшек сауда нарығындағы оның үлесі — 50%-ға жуық. Желі дүкендеріне келетін сатып алушылар саны орта есеппен алғанда 61 мыңнан астам адамды құрайды.

Премьер-Министр «ЭФКО Алматы» ЖШС май өнімдерін өндіретін кәсіпорынға барып, май өндіру кешенін қайта құру мен жаңғыртуды да тексерді. Компания жоғары әлемдік стандарттарға сай май және маргарин өндірісін реттей алды екен.

Инвестициялар көлемі 11 млрд теңгеден асатын «ЭФКО Алматы» май кластерін құру жобасы Алматының Индустрияландыру картасына және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына енгізілген.

Компанияның басшысы Нұржан Қожамұратовтың айтуынша, күрделі макроэкономикалық жағдайға қарамастан, кәсіпорын май өнімдері өндірісі мен экспорты көлемін арттырады, бұл Қазақстанға 2025 жылға қарай оның Орталық Азиядағы жеткізушісі болуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек Бақытжан Сағынтаев әскери техника әзірлеу, өндіру, жөндеу, жаңғырту және қаруландыру бойынша кәсіпорын — «Алматыэнергосервис» ЖШС-да болды.

“The Qazaq Times”