Испания Каталония басшысы Карлес Пуджемонт пен оның серіктестерін қызметінен босатып, жаңадан сайлау өткізеді. Осыдан бұрын қолданылмаған Конституция тармағы іс жүзінде қолға алынып, Орталық билік өзін-өзі басқару құқығына ие автономиялық аймақтың билігін өз қолына алады. Испанияның алдағы аптаға жоспары мен жергілікті халықтың қарсылық шаралары туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
Бүгін Каталония Парламентіне мүше партиялар клесі қадамдарды талқылау үшін жиналады. Карлес Пуджемонт Испанияның Премьер-министрі Мариана Рахойдың шешімін "Каталон халқына қарсы жасалған шабуыл" деп қабылдады. Ол Испанияның билікті түбегейлі ауыстыру талпынысы Фрэнсиско Франконың диктаторлығынан асып түскенін айтады. Испанияның ілгерідегі басшыларының бірі Фрэнсиско Франко 1939-1975 жылдар аралығында каталон тіліне мүлде тыйым салып тастаған болатын. Сенбі күні Каталония билігін шектеу туралы хабарға наразы жарты миллионға жуық халық қала көшелеріне шықты.
Қоғам белсенділері сепаратистік қозғалыстың жеңіске жетуі үшін бірнеше жолдар барын айтады. Солардың бірі - азаматтардың жаңа билікке мойынсұнбауы, бұйрықтарын орындаудан түбегейлі бас тартып, мекемелерге кіруіне тосқауыл болуы. ВВС журналистінің "Карлес Пуджемонт өз қызметіне оралса, тұтқындалады ма?" деген сауалына Испанияның билік өкілдері "Ешкімді тұтқындамаймыз. Бірақ Карлес Пуджемонт пен оның серіктестері жергілікті халыққа бұйрық беруін жалғастыратын болса, олар каталон халқына өз ойларын таңып жүрген сепаратистік топ деп танылады" деп түсіндірді.
Каталониядағы референдум жергілікті халықты екіге бөлді. Автономия болып қалуды жөн көретіндер мен Испаниядан іргесін аулақ салуды қалайтындар арасындағы даудың негізгі тақырыбы - Каталонияның экономикалық мүмкіндіктерінің жоғары бола тұра, өз табысын өзі толық пайдалана алмай, өзге өңірлердің қазынасын толтыруға көмектесетіндігі. Тәуелсіздік жақтаушылары мұны әділетсіздік деп тапса, Испания бірлігін аңсайтындар "Каталония өзге аймақтардан мықты әрі табысы көп болғаны үшін де оның артық төлегендігінің әбестігі жоқ деп отыр".
Каталониядағы референдумға 7,5 млн халықтың 43 пайызы қатысып, қалғандары қалыс қалған болатын.