Жапонияда жексенбі күні мерзімінен бұрын өткізілген төменгі Парламент палатасы сайлауының қорытындысы бойынша, Премьер-министр Синдзо Абэнің коалициясы жеңіске жетті. 2012 жылы Жапонияның Премьер-министрі болып сайланған Синдзо Абэ биыл үшінші мерзімге лауазымын сақтап, ел тарихындағы ең ұзақ басқарушы болып қалғалы тұр. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды.
NHK жергілікті ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Премьер-министр басқаратын Либерал-Демократиялық партия Парламенттегі 312 орынға ие болған. Синдзо Абэ: "Мен сайлау алдында айтқан сөздеріме берік болып, Солтүстік Корея тарапынан туған қауіпті еңсеремін. Бұл үшін қатаң дипломатия керек", - деді.
Осыдан бұрын Солтүстік Корея Жапонияны теңіз түбіне жіберуге уәде еткен болатын. Елдің солтүстік бөлігіндегі Хоккайдо аралының үстінен ұшып, суға құлаған екі бірдей зымыран ұшырған. Келесі жылға жоспарланған сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілетінін 25 қыркүйекте жариялаған Премьер-министр бұл асығыс қадамын Жапонияға "ұлттық дағдарыс" келуімен түсіндірді.
ВВС-ге сұхбат берген сарапшы аталған сайлауда Синдзо Абэнің партиясына қарсы тұрар басқа альтернатив болмағанын айтады. Қазіргі Премьердің өз лауазымында қалуы оның 1947 жылы Америка оккупанттарының басшылығымен қабылданған Жапония Конституциясын қайта қарау туралы бастамасын жүзеге асыру ықтималдылығын арттыра түседі. Пацифистік (бейбіт мағынасында) бағыттағы Конституцияда Жапонияға соғыс ашуға тыйым салынған. Осыған дейін Жапония әскери қуатын арттыру операцияларыны бәрін Конституция тармағын бұзу емес, жай ғана қорғаныс қабілетін реттеу деп келген еді. Бірақ соңғы кездері Синдзо Абэ Конституцияның 9 бөлімін өзгерту туралы ұсыныс білдіріп жүр. Сайлаудан кейін ол өз ойын іске асыру үшін барынша көп адамның қолдауына ие болуға барын салатынын жеткізді.