Қырғызстанның Ош қаласында Сооронбай Жээнбеков жақтастары сайлаушылар дауысын сатып алуда.
Соңғы уақытта қырғыз елінде президент сайлауы қарсаңында сайлаушылардың дауысын сатып алу фактілері жиі тіркеле бастады. Жақында осындай оқиғалардың бірі Ош қаласында тіркелді. Онда Сооронбай Жээнбековтың Ош қаласы бойынша шатабының өкілдері сайлаушылардың үйін аралап Жээнбековқа дауыс беруге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, оларға өз кандидаттарына дауыс бергені үшін 1000 сом (14 доллар) көлемінде ақша ұсынған.
Бұдан бөлек бұған дейін қазан айының 10-ы күні мемлекеттік БАҚ беттерінде Сооронбай Жээнбековтың басты қарсыласы Өмірбек Бабановтың жақтастары да дәл осы Ош қаласында сайлаушылар дауысын сатып алғандығы жайында ақпарат тараған болатын. Ол кезде құқық қорғау органдары Бабанов штабында жұмыс істейтін екі адамды ұстағандары бейнеленген видеороликте жариялаған. Онда Ош қаласынадағы Бабанов штабының екі қызметкерінен дауыс сатып алуға арналған 185 мың сом ақша тәркіленгендігі көрсетілген. Бірақ кейінен видеодағы Бабанов жақтастарының бірі Тахир Қасымов журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Қазан айының 10-ы күні таңғы сағат 10:30 шамасында біз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүрген жұмысшыларға еңбекақыларын беруге бара жатқанбыз. Бізді «Он-Адырға» барар тас жолда милиция қызметкерлері тоқтатты. Осыдан кейін бізді жергілікті ішкі істер басқармасының бөлімшесіне алып барды. Ол жерде мен 185 мың сом ақша жұмысшылар жалақысы екендігін айттым. Бірақ соның өзінде олар мені түнгі сағат 12-ге дейін ұстады» - деген. Ал оның жанындағы екінші адам Сабыржан Әлімов милиция қызметкерлеріне 185 мың сом ақшаның сайлаушылар дауысын сатып алуға арналғандыған айтқан. Бірақ кейінен ол өзінің бұл сөзді милиция қызметкерлерінің қысым жасауынан кейін айтқандағын мәлімдеген.