Соңғы апталарда қазақ-қырғыз қарым-қатынасы ушығып тұрғаны белгілі. Оған басты себеп Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарата айтқан сөздерінен бастап, Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановпен кездесуіне дейінгі жағдайлар. Бұл тақырыпты қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері осыған дейін жазды, сызды, айтты, көрсетті. Бүгін біз де қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жайында сөз қозғап көрмекпіз.
Жалпы осы жолғы даудың басы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбевтың: «Қазақ билігі Бакиев сияқты адамдарды жақсы көреді. Мен «Бакиев қырғыз халқын атқаны дұрыс болған» деген сөзді Қазақстанның ең жоғары лауазымды азаматтарынан бірнеше рет естідім. Бакиевтер әлі күнге дейін Алматыда тойларын өткізеді. Олар сол себепті сондай адамдарды билік басына қойғысы келеді. Өйткені біз қазір қазақ халқына жаман әдет көрсетіп отырмыз. «Алматы қаласының ЖІӨ бүкіл Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінен бес есе артық» деп аса құрметті Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс айтады. Қазақстанның ЖІӨ Қырғызстаннан 20 есе артық. Бірақ онда неге зейнетақы Қырғызстаннан 1,5 есе ғана жоғары да, ал тариф 5 есе қымбат? Неге? Өйткені қазақ халқын тонап жатыр. Ел байлығы Қазақстан халқының игілігіне пайдаланылып жатқан жоқ. Біз қазақ халқына жаман үлгі көрсетіп отырмыз. Атамбаев жаман үлгі көрсетіп отыр» - деген сөзінен басталды. Атамбаевтың осы мәлімдемесінен кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бірден жауап қатты. Министрлік таратқан ақпаратта: «Қырғызстан президентінің сайлау алдында ұпай жинау үшін Қазақстанға қатысты жалған, жауапсыз, арандатушы, пікір білдіруі сан ғасырлар бойғы қазақ-қырғыз қарым-қатынасына ешқандай нұқсан келтірмейді» - делінген. Осы жағдайлардан кейін Қазақстан тарапының Қырғызстанмен арадағы шекара бекеттерін күшейтуі, Сочи қаласында өткен ТМД елдері басшыларының отырысына Алмазбек Атамбаевтың бармай қоюы сынды саяси ойындар басталды. Бұл жағдайлар ел арасында Алмазбек Атамбевтың ТМД елдері басшыларының кездесуіне Нұрсұлтан Назарбаевтан «қорқып» бармай қойды деген пікір қалыптастырды. Бізге бұл пікірді өзгелер сияқты жұрттың шығарып алып жүрген кезекті өтірік әңгімелерінің бір деп айтуға болар еді. Бірақ бізді Қырғызстан президентінің елде сайлау қарсаңында мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін деген себептермен Сочиға өзі бармай, ел премьері Сапар Исаковты жіберуі «Атамбаев Назарбаевпен кездесуден қашқақтап жүр» деген ойға еріксіз жетеледі. Оның үстіне Атамбаевтың дәл осы шешімінен кейін Қазақстан билігі Қырғызстанмен арадағы шекараны күшейтілген режимге көшіргенін ескерсек, онда жұрт арасында жүрген әңгіменің жаны бар екенін аңғарамыз. Бұл әрине, қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы шиеленістің бір жағы ғана. Ал оның екінші бір шеті Сочи қаласында өткен ТМД елдері басшыларының кездесуінде көрініп қалды. Кездесуден кейін барлық БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың саммиттен тыс әңгімелесуі бейнеленген видеоролик трендке айналды. Аталмыш бейнероликке қарап шетелдік сарапшылар мен журналистер «Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев қазақ билігіне қарата сыни пікір айтуын айтып алып, ары қарай не істерін білмей араға Владимир Путинді салуда» деген мағынадағы материалдар жариялауда. Олардың бұлай айтуына негіз де жоқ емес. Өйткені жұрт назарын өзіне аудартқан Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың саммиттен тыс әңгімесінен кейін, Қазақстан президенті Қырғызстан премьері Сапар Исаковпен кездесу өткізіп, шекара мәселесін шешетіндігін айтты деген ақпарат тарады.
Енді Қазақстан мен Қырғызстан билігі арасындағы бір қарағанда байқала бермейтін текетірес қашан басталды деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Бұл сұраққа жауап іздеу үшін жоғарыда айтылған Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесіне қайтып оралуға тура келеді. Өйткені дәл осы Алмазбек Атамбаев пен Роза Утумбаеваның жақтастары 2010 жылы елде мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырған кезде Нұрсұлтан Назарбаев Бішкекте революция өртінің ортасында отырған Бакиевті арнайы жасақ жіберіп Тараз қаласына алдырған болатын. Ал Атамбаевтың осы жолғы мәлімдемесіне қарап, оның әлі күнге дейін Назарбаевтың сол ісін ұмытпағанын аңғаруға болады. Алмазбек Атамбаев бекерден бекер «Қазақ билігі Бакиев сияқтыларды жақсы көреді» деп айтып тұрған жоқ. Ол осы сөзі арқылы 2010 жылы болған жағдай мен жақында Назарбаевпен кездескен Өмірбек Бабановты да меңзеп тұр. Өмірбек Бабанов демекші, екі ел арасындағы дауда қырғыз президенттігіне үміткер Бабановтың да алатын рөлі ерекше. Олай дейтін себебіміз өткен айда Ақорда ресми сайты Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласында Өмірбек Бабановты қабылдағаны жайында ақпарат таратқанан кейін ресми Бішкек Астанаға қарсылық нотасын жіберген болатын. Онда Атамбаев билігі Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ісін құптамайтынын айтып, аталмыш жағдайды елдің ішкі саясатына араласу деп бағалаған еді. Бірақ Қазақстан тарапы Қырғызстан билігінің аталмыш жағдайға байланысты не үшін осындай дәрежеде алаңдаушылық білдіргенін түсінбейтіндерін айтып, жауап нотасын жіберген болатын.
Жалпы Қырғызстан оппозициялық басылымдарында осы уақытқа дейін жарияланып келген материалдарды қарайтын болсаңыз. Онда Алмазбек Атамбаевтың соңғы уақыттары бірнеше рет Мәскеуге, Сочиге не үшін барып келгендігіне сан мәрте болжамдар жасалғанын байқайсыз. Мысалы Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың баспасөз хатшысы болған Қабай Қарабеков «24 kg» ақпарат агенттігінің сайтына Алмазбек Атамбаев Ресей басшысы Владимир Путиннің келісімімен Қырғызстан президенті ретінде өзінен кейін Сооронбай Жээнбековты қойып кету үшін барын салып жатқандығы жайында жазған. Қарабековтың сөзінше, Атамбаев осы үшін бірнеше рет Ресейге ресми іс-сапармен барған. Кремльдің Жээнбеков бауырларының араб экстремистік ұйымдарымен қатысы бар деген күдігіне қарамастан, Атамбаев осы уақытқа дейін Владимир Путинге Қырғызстан президенттігіне Жээнбеков кандидатурасы лайықты екендігін айтып келген. Бір сөзбен айтқанда қырғыз оппозиция өкілдерінің ойынша, Қырғызстанда қандай да бір саяси шешім қабылданбас бұрын ол шешім Мәскеу билігінің қолынан өтеді. Қарабековтың осы мақаласынан кейін Жээнбеков оны өзіне қатысты жалған мақала жазды деп айыптап сотқа берген. Бұл әрине бөлек бір мақалаға арқау болатын тақырып, бірақ дәл осы жерден бұл мәселеде кім барикаданың қай бетінде екендігін болжай берсеңіз болады. Ол үшін көп ойланудың қажеті жоқ. Өйткені Путиннің келісімімен Атамбаев жатпай-тұрмай қолдап отырған Жээнбековтың осы жолғы сайлаудағы басты қарсыласы Өмірбек Бабанов. Ал оны Нұрсұлатан Назарбаев Алматыдағы кездесуінде Қырғызстан президенті ретінде көргісі келетіндігін айтқан болатын. Бұл қырғыз-қазақ дауында кімді-кім қолдап отырғанын айқындап тұр.
Енді қазақ-қырғыз қарым-қатынасы осындай деңгейге жетіп «бірінің ішкі мәселесіне бірі араласып жатқанда қазақ қоғамы қандай позиция ұстады?» деген сұраққа жауап іздейік. Соңғы апталарда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында Атамбаевтың сайлау алдында ұпай жинау үшін айтқан сөзін журналистер түрлі мағынада берді. Бірі мақтады , бірі даттады. Ал әлеуметтік желілерде қазақ оппозициясында жүргендер мен азаматтық белсенділер Ресейге жалтақтаумен келе жатқан қырғыз демократиясына қарап тамсанумен әлек болды. Бірі Атамбаевты «қырғыз демократиясының атасы» десе, бірі «қазақ билігі шекараны жауып тастап қырғыз халқына қастандық жасады» деді. Әйтеуір барлығының өз заманында Абылай хан өлгенде ат шаптырып той жасаған, Хан Кененің басын алған қырғыз халқына ықыластары ауып сала берді. Олардың не үшін бұндай позицияда болғаны айтпаса да түсінікті. Өйткені осы уақытқа дейін өздерін үркітіп, қорқытып келген билікті кім жақтайды?! Бір сөзбен айтқанда бұл жолғы қазақ-қырғыз дауына Кремльден бастап Бішкекке дейінгі жұрттың барлығы араласты. Ал даудың кімнің пайдасына шешілгенін өзіңіз болжай беріңіз.