Қазақстан мен дүниежүзінде қазанның 2-сі мен 7-сі күндері аралығында қандай оқиғалар болды? Біз бүгін осы  аптадағы ел назарын өзіне аудартқан елеулі оқиғаларға қысқаша тоқталамыз.

Осы апта Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның: «Түркияға Еуроодаққа мүше болудың қажеті жоқ» - деген мәлімдемесімен басталды. Бұл әрине көпшілік жұртқа жаңалық болмауы мүмкін. Өйткенісарапшылар Ердоғанның бұл сөзіне «1963 жылдан бері Еуроодаққа кіре алмай келе жатқан адамның жан айқайы» деп баға берді. Бірақ Таяу Шығыс пен жалпы әлемдегі геосаяси жағдайлардың ушығып тұрғанын ескерсеңіз бұл жай сөз емес екенін түсінесіз. Ердоғаның Еуроодаққа қарата айтқан сөзімен қатар осы апта Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унның ағасы Ким Жоң Намның өліміне байланысты сот отырысымен басталды. Малайзия соты Ким Жоң Намның өліміне қатысы бар делінген Индонезия азаматшасы Сити Айша мен Вьетнамдық Зоан Тхи Хыонг ісіне байланысты алғашқы сот отырысын өткізді.

Ал әлемнің екінші бір шетінде Малайзиядағы соттан кейін екі күннен соң қазанның 4-і күні Еуропарламент депутаттары Каталонияда өткен референдумға байланысты отырыс өткізді. Онда олар қазан айының 1-і күні Каталонияда тәуелсіздік алуға байланысты ешкімнің келісімінсіз өткен референдумды қатаң сынға алып, Испания билігінің аталмыш жағдайларға байланысты халыққа күш қолданғанын ешқандай қисынға келмейтіндігін айтқан.

Еуропа жұртшылығы осы ай басталғалы Каталония «жырымен» жүргенде, қазан айның 5-сі күні Ресей президенті Владимир Путин араға бес жыл салып Түркіменстанға ресми іс-сапармен барды. Онда ол бес жыл ішіндегі өткен-кеткенді түгендеп, Түркіменстан басшысы Құрбанғұлы Бердімұхамедовты «Александр Невский» орденімен марапаттады. Көптеген сарапшылар Владимир Путиннің бұл жолғы іс-сапарына «Түркіменстаннан айырылып қалмаудың жолдарын қарастыру» - деген баға берді.

Бұдан бөлек осы апта Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның туған күнін «Ұлт күні» деп атау, «Ислам мемлекеті» содырлары тұтқындағы Ресей сарбаздарын өлтірді, Ош қаласында Бабанов жақтастары соққығы жығылды деген сынды қазақ қоғамында қызу талқыланған оқиғаларға толы болды.

“The Qazaq Times”