Бес жылдан кейінгі кездесу. Ресей президенті Владимир Путин мен Түркіменстан басшысы Құрбанғұлы Бердімұхамедов қазан айының 2-сі күні Ашхабад қаласында не жайында сөйлесті?

Кеше Ресей басшысы Владимир Путин Ашхабад қаласына ресми іс-сапармен барды. Бұл оның Түркіменстан астанасына араға бес жыл салып ат басын бұруы. Владимир Путин мен Құрбанғұлы Бердімұхамедов кездесу барысында екі ел қарым-қатынасы жайында, Ауғанстан мәселесі мен қауіпсіздік мәселелері жайында сөз қозғаған. Кездесудің басты салтанатты шараларының бірі, қос тараптың ордендермен алмасуы болды. Владимир Путин Құрбанғұлы Бердімұхамедовті екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартқаны үшін «Александр Невский» орденімен марапаттаса, Бердімұхамедов Путинді «Екі ел қарым-қатынасын дамытқаны үшін» орденімен марапаттады. Мұның барлығы әрине саясат пердесінің бер жағында болған дүниелер. Ал оның ар жағында не болып жатқанын Бердімұхамедов пен Путиннен өзге ешкім білмейді. Айтпақшы осы тұста айта кететін бір жайт, «Александр Невский» орденімен осыған дейін 205 адам марапатталған. Олардың ішінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бар.

Жалпы Ресей президентінің бес жыл өткен соң Түркіменстанға ресми іс-сапармен баруына әркім әрқалай баға беруде. Ресейлік сарапшылардың сөзінше, қазіргі таңда Владимир Путин ресми Ашхабадтың батыс елдеріне бет бұрысын бәсеңдету үшін барын салуда. Өйткені Түркіменстанмен тығыз қарым-қатынаста болмаған бес жыл ішінде Құрбанғұлы Бердімұхамедов батыс елдерімен жақындаса бастаған. Оның үстіне бұл маңда соңғы уақытта Ауғанстаннан төнетін қауіпті сылтауратып АҚШ пен НАТО өз позицияларын күшейте бастаған. Бұдан бөлек қазіргі уақытта Түркіменстанның басты сауда серіктесі Ресей емес, Қытай. Оны кездесу барысында Владимир Путиннің өзі де айтып кеткен. Владимир Путиннің сөзінше, 2014 жылдан бастап екі ел арасындағы сауда айналымы төмендеген. 2015 жылмен салыстырғанда Ресей мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымы 2016 жылы 30 пайызға азайып, 687,2 млн долларды құраған. Жалпы қазіргі таңда Түркіменстанның сыртқы тауар айналымының 24,9 пайызы Қытайға, 5 пайызы Ресейге тиесілі. Бұл арада да Мәскеудің бес жыл ішінде біраз позицияларын Қытайға беріп қойғанын аңғаруға болады.

Бұдан бөлек Түркіменстан Қазақстан, Қырғызстан сияқты Ресейдің көзқарасы басым Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы (ОДКБ) мен Евразиялық экономикалық одаққа да мүше емес. Осыған қарап бұл жерде де Ресей Түркіменстанға өз басымдығын көрсете алмай отыр деуге болады. Оның үстіне екі ел арасында «газ дауы да» шешімін таппай келеді. Естеріңізде болса, 2015 жылы ресейлік «Газпром» компаниясы Түркіменстанға газ бағасын арзандатуды сұраған. Бірақ ресми Ашхабад ол ұсынысты қабыламай тастаған болатын. Сол уақыттан бері Ресей мен Түркіменстан арасында «газ дауы» басталған. «Газ дауын» ресейлік "Газпром" Өзбекстанмен келісімшатқа отыру арқылы шешсе, Түркіменстан билігі бұл проблеманы әлі күнге дейін шеше алмай келеді. Себебі сол уақытқа дейін ресми Ашхабадтың газын Ресейден өзге ешкім керек қылмай келген болатын. Бірақ осы жолғы кездесуде Владимир Путин мен Құрбанғұлы Бердімұхамедов газ жайында мүлде сөйлеспеген.

Қорыта келгенде, Владимир Путин бес жылдан кейін Ашхабадқа іс-сапар жасау арқылы өзінің Түркіменстаннан айырылып қалғысы келмейтінін байқатты. Бұлай дейтін себебіміз екі ел басшыларының қарым-қатынасындағы бес жылдық үзілісте Ресейдің Түркіменстандағы көптеген позициялары Қытайға, батыс елдеріне өтіп кеткен. Владимир Путин мен Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың бұл жолғы кездесуі қай тараптың ұсынысы бойынша ұйымдастырылғаны бізге белгісіз. Бірақ белгілісі осыған дейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтың Ашхабадқа барып қайтқандығы. Осыған қарап «Владимир Путин Ашхабадта» атты желдің қайдан есетінін аңғара беріңіз.

“The Qazaq Times”