Қазіргі кезде Сүрияда жүздеген адам медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Халықаралық Қызыл крест комитетінің өкілдері осылай мәлімдеді.
ХҚКК Таяу Шығыс бойынша аймақтық директоры Роберт Мардинидің сөзінше, соңғы екі аптада Сүрияда шабуылдардан аруханалар, мектептер мен басқа да инфрақұрылым нысандары қирандыға айналған. Осының салдарынан медициналық көмек қажет ететіндердің қарасы көбейген.
"Бұл бізді алаңдатып отыр. Әскери қимылдарды бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төнбейтіндей етіп жүргізу керек. Ауруханалар секілді халыққа қажетті нысандарды да ұмытпаған жөн", - дейді ол.
Айта кетейік, 6 жылдан асқан азамат соғысынан Сүрияда денсаулық сақтау саласы айтарлықтай зардап шеккен. Қазіргі кезде елде дәрі-дәрмек пен дәрігерлер, әсіресе хирург мамандар жетіспейді.