Бүгін Мәскеуде Ресей мен Түркия басшылары бас қоспақ. Кездесу тақырыбы көпшілікке белгілі – Сүриядағы қақтығыс. Осыған дейін Кремль Сүрия ісі бойынша Сочи келісімінен айнымайтынын, Сүрияның территориялық тұтастығы негізінде ресми билікті жақтап, террорлық топтарға қарсы күресетінін білдіріп келді. Ал, Түркия президенті Ресейді Башар Асадты өз бетінше қалдыруға шақырды.

Ресей де, Түркияда тікелей қарсыласуға барғысы жоқ екені олардың қадамдарынан көрініп тұр. Дегенмен, жеме-жемге келсе Мәскеу көбірек табанды болары белгілі, үйткені Ресей сонау Шам маңындағы соғысқа не үшін қатысқанын көзқарақты жұрт жақсы біледі. Мәскеу өз кезегінде Сүрияның легитимді билігінің сұранысы бойынша әрекет етіп жатқанын білдірген. Олар Сүрия жерінде шетелдік күштер халықаралық құқықтарға қайшы жағдайда жүр деп санайды.

Идлиб жерінде орыс пен түрік әскери техникалары кездесуден бұрын да Мәскеу Анкараны Сочи келісімін атқармай келеді деп айыптап еді. Орыс ұшақтарына арқа сүйеген Сүрия режим күштері 27 қаңтарда 33 түрік жауынгерін өлтірген болатын. Бұған Түркия армиясының қайтарма жауабы да оңай болған жоқ. Сүрияның үкімет күштеріне қарасты барлық техникалары түріктің ұшқышсыз ұшу құрылғыларының нысанасына айналды.

Дегенмен, көптеген сарапшылар Идлиб қақтығысының болуы Ердоғанның сыртқы саясатындағы қателік ретінде бағалайды. Айталық, Түркия басшысы сыртқы саясатта Мәскеу мен Уашингтонның салмағын тең ұстай алмай қалды. Оның үстіне Идлиб шайқасынан кейін Мәскеудің Сүриядағы салмағы арта түсті.

 

“The Qazaq Times”