Еуропа аумағында ұсталған екі бірдей ресейлік хакер АҚШ-қа экстрадициялануы мүмкін – деп хабарлайды «Голос Америки» ақпарат агенттігі.

Қазан айының 3-і күні Испания Жоғары соты Ресей азаматы Петр Левашовты АҚШ-қа экстрадициялауға келісім берген. АҚШ-та Левашовқа «Kelihos» вирусын жасау арқылы банк шоттарын бұзды және компьютер бағдарламаларына шабуыл жасады» деген айыптар тағылған. Америкалық құқық қорғау органдарының мәліметінше, Петр Левашов өзінің «Kelihos» вирусы арқылы әлем бойынша 100 мыңнан астам компьютерді бір арнаға тоғыстырып, оларды басқарған. Ол осы істері үшін АҚШ заңына сәйкес 50 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

АҚШ-пен қатар Испания билігіне Левашовты экстрадициялауға байланысты өтінішті Ресей де жіберген. Алайда Петр Левашов өткен аптада өзінің Ресейдің арнайы қызметінің офицері екенін, 10 жыл бойы «Единая Россия» партиясына елдегі оппозицизиялық саясаткерлерге байланысты ақпарат жинап келгендігі жайында мәлімдеген. Осыдан кейін Испания соты Ресей тарапының өтінішін қараусыз қалдырған. Бұдан бөлек Левашов Испания сотына егерде оны АҚШ-қа экстардициялайтын болса, онда ол жерде оған Америка билігі қысым көрсетуі мүмкін екенін де айтқан. Бірақ сот оның бұл сөздерін негізсіз деп, Левашовты АҚШ-қа экстрадициялауға келісім берген.

Ал қазан айының 4-і күні Грекия билігі тағы бір ресейлік хакер Александр Винникті АҚШ-қа экстрадициялауы мүмкін екендігі жайында ақпарат таратқан. Винникке АҚШ билігі кибералаяқтық арқылы 4 миллиард доллар көлемінде криптовалюта жымқырды деген айып таққан. Бірақ ол тергеу барысында өзін хакер емес, қарапайым биржа қызметкерімін деген. Егер Грекия соты Винникті АҚШ-қа экстрадициялауға рұқсат беретін болса, онда бұл жерде де Ресейдің өтініші қараусыз қалатын болады.

“The Qazaq Times”