Қырғызстанда президент сайлауы қарсаңында ел билігі қарсыластарына қарсы күш қолдана бастады. Ресми Бішкек сайлаудағы басты қарсыласы Өмірбек Бабановтың маңайындағы саяси үзеңгілестерін түрлі себептермен темір тордың ар жағына тоғытуда. Бұның соңы неге алып келуі мүмкін? Президент сайлауы қарсаңында Қырғызстандағы саяси ахуал қандай?
Қыркүйектің 30-ы күні Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметі президенттікке үміткер Өмірбек Бабановтың жақтастырының бірі, парламенттегі «Қырғызстан» фракциясының басшысы Қанат Исаевты қамауға алды. Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Исаевқа «президент сайлауы қарсаңында елде қарулы төңкеріс жасау арқылы билікті тартып алмақ болды» деген айып таққан. Оны «Әділ сайлау үшін» атты бейбіт шеру аяқтала салысымен қамауға алған. Қырғызстан ҰҚК-і Исаевтың не себепті қамауға алынғандығына дәлел ретінде қылмыс әлемінің серкесі Қамшыбек Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері Шыңғыс Жұмағұлов пен Ұлан Баршакеев бейнеленген видеоролик жариялаған. Онда олар парламент депутаттары Қанат Исаев пен Қаныбек Иманалиевтердің мемлекеттік төңкеріс жасау үшін өздерінен көмек сұрап, ақылдасуға келгендіктері жайында айтқан. Бір қызығы Қырғызстан Бас прокуратурасы оппозициялық саясаткерлердің үстінен осыған дейін қоғамында талай дүниені бүлдіріп үлгерген Шыңғыс Жұмағұлов пен Ұлан Баршакеевтің сөзіне сеніп қылмыстық іс қозғаған. Бұл іске байланысты ҰҚК қызметкерлері таратқан бейнероликте аты аталған саясаткер, «Ата-Мекен» партиясының мүшесі Қаныбек Иманалиев өзінің елде мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болғандығын әлеуметтік желілер арқылы білгендігі жайында айтқан.
Ал «Әділ сайлау үшін» бейбіт шеруін ұйымдастырушы Жанар Акаева, Қанат Исаевтың қамауға алынуын алда келе жатқан президент сайлауымен байланыстырады. Оның сөзінше, ел билігі сайлауда өздері ұсынған Сооронбай Жээнбеков жеңіліп қалмас үшін осындай қадамдарға барған. Себебі Қырғызстан халқы қазан айының 15-сі күні өтетін президент сайлауында Исаевтың «Республика – Ата-Жұрт» партиясының басшысы Өмірбек Бабановты қолдайтынын біледі. Ал билік Исаевты қамауға алу арқылы көпшілік жұртқа өзіне қарсы келген кез келген адамды темір тордың ар жағына жіберуге дайын екендігін дәлелдегісі келеді.
Қанат Исаевтың қамауға алынуына байланысты өз пікірін алда келе жатқан президент сайлауындағы басты фаворит Өмірбек Бабанов та білдірген. Ол қырғыз билігінің істеп жатқан істеріне байланысты: «Бұның барлығы билік тарапынан маған және менің жақтастарыма жасалып жатқан қысым. Күштік құрылымдар ел халқына дұрыс таңдау жасауға кедергі жасап отыр. Қанат Исаевты президент сайлауында мені қолдағыны үшін ғана қамауға алды» - деп мәлімдеген. Бабановтың сөзінше, Исаев қамауға алынардан бұрын ҰҚК-нің кезекті отырысында сарапшылар ел билігіне ұнамайтын болжамдар айтқан. Отырыста сарапшылар алдағы президент сайлауының бірінші айналымында Бабанов қырғыз халқының 65 пайыз дауысын жинайтын болады. Ал Сооронбай Жээнбеков болса, одан бірнеше есе төмен дауыс алады деп мәлімдеген.
Жалпы қазіргі таңда Қырғызстанда президент сайлауы жақындаған сайын билік түрлі айла-тәсілдерге көшкен. Елдің қауіпсіздік қызметі криминалды топтармен байланысып, билікке қарсы келген кез келген саяси тұлғаға күш көрсететін болған. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, қырғыз билігінің бұндай қадамдарға баруы олардың әділ сайлау алдындағы дәрменсіздігінің белгісі. Себебі Алмазбек Атамбаев бастаған қазіргі Қырғызстан билігінің арасында да бұрынғыдай халық қаржысын жеу арқылы, қанау мен тонау арқылы билік басына келген саясаткерлер жетіп артылады. Олар осы сайлаудан кейін, өздерінің жылы креслоларынан айырылып қалатындықтарын біліп, осындай дүниелер жасауда.