Каталония Президенті Карлс Пуджемонт тәуелсіздік алу мақсатында өткізілген референдум жеңіске жеткенін хабарлады. Ресми өкілдің сөзінше, енді Тәуелсіздік туралы Декларация қабылданбақ. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Каталония азаматтарының 43,2 пайызы қатысқан референдумда дауыс бергендердің 90 пайызы Тәуелсіздікті қолдайтындарын білдірген. Испания билігі ел тұтастығын сақтап қалу үшін қолынан келгенінен аянбайтынын айтқан мәлімдемесіне беріктік танытты. Кеше әлемдік ақпарат құралдары каталондықтардың дауыс беруіне тосқауыл жасағысы келген полиция қызметкерлерінің күш қолдану фактілерін жарыса жариялады. Жергілікті халық тәртіп сақшыларының сонша қатал болатындығына бірінші рет куә болғандарын айтады.
Карлес Пуджемонт каталондықтарға жолдауында соңғы күндері көрсетілген қысымға қарамастан, референдумға қатысқан халқының жеңісін ерекше атап өтті. Ол референдум нәтижелері Каталонияның Парламентіне жолданып, аймақтығын дербестігін айғақтайтын заң қабылданатынын хабарлады. Каталония көшбасшысы: "Еуроодақ енді үнсіз отыра алмайды!", - деді.
Полиция қызметкерлерінің бірлескен күшімен жабылған дауыс беру пунктерінің нақты саны туралы деректер екіге жарылады: Каталония 2 мың 300 дауыс беру пунктінің 319-ы жабылды десе, Испания бұл көрсеткішті 92 деп отыр.
Испанияның Премьер-министрі Мариано Рахой Каталонияда болған жағдайды "демократияны келекелеу" деп атады. Ол Конституцияны бұзған әрекеттің заңдық күші болмайтынына сенімді. Дегенмен мыңдаған каталондықтар өз әнұранын шырқап, төл туларын жамылып, алаңға жиналды. Каталониядағы 7,5 млн азаматтың барлығы бірдей егемендікті қолдамаса да, халықтың басым көпшілігінің Испаниядан еншісін алуға ұмтылысы жоғары екенін байқалады.