Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралады. Ол алдымен «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де болып, Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту және қайта құрастыру  жобасының іске асу барысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Нысандарды аралау кезінде Премьер-министр пайдалануға берілген шикізатты алдын ала гидротазалау блогы бар жеңіл бензин фракцияларын изомерлеу қондырғысынның жұмысын көріп шықты.

Баспасөз қызметінің  мәліметінше, Шымкент мұнай өңдеу зауыты биылғы жылдың маусымынан бастап Кеден одағының техникалық регламентінің талаптары бойынша К-4, К-5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензин шығаруды қолға алған. Бұл мұндағы жаңғырту жұмыстарының 1-ші кезеңдегі жұмысы.

Енді зауыттағы жаңғыру жұмыстарының 2-ші кезеңі 2018 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарлануда. Нәтижесінде жоғары октанды бензин өндіру көлемі жылына 652-ден 2 270 мың тоннаға дейін, дизель отыны - 1 192-ден 1 916 мың тоннаға дейін, авиаотын –  254-тен 400 мың тоннаға дейін өседі. Зауытта жоғары октанды автобензиндерді өндіру үлесі 100% құрайды екен.

Айта кетейік, осы аптада "Эйр Астана" ұлттық компаниясы Ресейден келетін авиациялық керосинді жеткізу тоқтағандықтан және Шымкент мұнай өңдеу зауыты қайта жөндеу жұмыстары үшін уақытша жабылғандықтан Қазақстанның әуе тасымалында керосин тапшылығы болуы мүмкін екенін хабарлаған.

“The Qazaq Times”