Сауд Арабиясының королі 2018 жылдың маусымынан бастап, әйелдерге жүргізуші куәлігін беруге рұқсат ететін жарлыққа қол қойды. Бұл туралы BBC-дің онлайн қызметі хабарлады.
Осыған дейін Сауд Арабиясы әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат бермеген әлемдегі жалғыз ел болып келген еді. Тіпті мұндай құқыққа жетуге ұмтылған әйелдерді қамауға алатын болған. Сондықтан әйелдердің жүргізуші куәлігіне ие болу ісі Сауд патшалығында көп жылдан бері таласты тақырып болды. Дегенмен мыңдаған консервативті діншілдердің қарсылығына ұшырап келді.
Аталған елдегі Мемлекеттік ресми агенттіктің хабарлағанындай, ендігі жерде «Патша жарлығыменен жол ережесі және көлік жүргізу құқығы ерлер мен әйелдерге ортақ етіп бекітілген». Сонымен бірге Сауд Арабиясының королі түсірген жарлық бойынша, ендігі бірнеше құзретті орындар аталған істі қалай жүзеге асыру туралы қызмет тобын жасақтап жатыр. Жарлық бойынша келер жылдың маусым айынан бастап Сауд Арабиясындағы әйелдер әлем елдеріндегі әйелдерге ұқсас көлік жүргізу құқығына ие бола алады.