Грузия парламенті елдің жаңа конституциясын қабылдады - деп хабарлайды РИА Новости Украина ақпарат агенттігі.
Грузия конституциясына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты енді елдің басқару формасы парламенттік республикаға ауысады. Аталмыш ата заңды қабылдауға байланысты үшінші оқылымда Грузия парламентіндегі 117 депутат «иә» деп дауыс берген. Бұл конституция өз күшіне 2018 жылы өтетін президент сайлауынан кейін енетін болады.
Қазіргі таңда Грузия парламентінде 150 депутаттық орын бар. Ондағы орынның басым көпшілігін «Грузия арманы және Грузия демократиясы» партиясы өкілдері иемденген. Жаңа конституцияға дауыс беру барысында парламенттегі оппозициялық «Біріккен ұлттық қозғалыс» және «Еуропалық Грузия – бостандық үшін қозғалыс» партияларының өкілдері бұл өзгерістермен келіспейтіндіктерін айтып, залдан шығып кеткен. Ал «Грузия патриоттары альянсы» конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарсы дауыс берген.