Бүгін Азаттық радиосының қырғыз қызметі Қырғызстан билігі Қазақстанға нота жіберді деген ақпарат таратты. Ресми Бішкектің Астанаға нота жіберуінің басты себебі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановпен кездесуі болған. Осыған байланысты біз осы уақытқа дейін Қазақстан мен Қырғызстан арасында болған осыған ұқсас жағдайларға қысқаша тоқталатын боламыз.
Қыркүйектің 19 күні ҚР президентінің ресми сайты Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласында Қырғызстан президенттігіне үміткер, «Республика – Ата Жұрт» фракциясының жетекшісі Өмірбек Бабановпен кездескендігі жайында ақпарат таратқан еді. Ресми Астананың бұл ісіне Бішкек билігі бірден жауап беріп, бүгін қазақ билігіне нота жіберді. Қырғызстан тарапы жіберген нотада «Қырғыз елімен достық қарым-қатынастағы Қазақстан басшысының Қырғызстанның ішкі ісіне араласпаймыз деген мәлімдемесіне қарамастан, оның сөздері Қырғызстанның болашақ президентін айқын қолдауды білдіреді. Осыған байланысты қырғыз билігі аталмыш сөзді және Қазақстан тарапының болған кездесуді кеңінен насихаттауын елдің ішкі істеріне араласу деп бағалайды» - делінген.
Бұған дейін қырғыз билігі 2016 жылдың мамыр айында ҚР спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Мәскеуде дәретхана жуып жүрген қырғыз мигранттары жайында айтқан сөзі үшін Қазақстанға қарсылық нотасын жіберген болатын. Ол кезде соңғы уақытта басынан дау арылмай жүрген Арыстанбек Мұхамедиұлы қырғыз халқынан кешірім сұрап, осы іске байланысты барлық мәселелерді жылы жауып қойған еді. Бірақ Қырғызстан ІІМ Мұхамедиұлының суретін іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскерлердің арасына «абайсызда» қосып жіберіп, қазақ-қырғыз қоғамында тағы бір дау туғызған болатын. Кейінен қырғыз тәртіп сақшылары мәдениетті министрден кешірім сұрап, Мұхамедиұлы бастаған дауға нүкте қойған.
Ал 2017 жылдың ақпан айында Қазақстан билігі Қырғызстанға Алмазбек Атамбаевтың 17 ақпан күні Euronews телеарнасына берген сұхбатына байланысты қарсылық нотасын жіберген болатын. Ол кезде Атамбаев мырза Euronews арнасының эфирінде 2010 жылы Қырғызстанда бүлік болған кезде Қазақстан тарапының шекараны жауып тастауына байланысты елде адам шығынана дейін болғандығын, бұл оқиғаға байланысты ресми Бішкек осы уақытқа дейін ешқандай сөз қозғамағандығын айтқан еді. Қазақстан тарапы жіберген қарсылық нотасынан кейін Қырғызстан СІМ Динара Кемелова Бішкектегі Қазақстан елшісі Айымдос Бозжігітовты қабылдап, Алмазбек Атамбаевтың айтқан сөздеріне түсініктеме бере келе, шын мәнінде 2010 жылы Қазақстан 45 күнге шекарасын жауып тастауы салдарынан Шу өзенін заңсыз жүзіп өтпек болған қырғыз азаматтар көз жұмғандығын айтқан. Бірақ Динара Кемелова ханым Арыстанбек Мұхамедиұлындай ешкімнен кешірім сұрамаған. Бір қызығы осы жолы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Өмірбек Бабановтың «Республика – Ата Жұрт» фракциясы 2017 жылдың ақпан айындағы Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан тарапына қарата айтылған сөздерін қатаң сынға алып, «бұл тек Атамбаевтың көзқарасы бұны бүкіл қырғыз халқының сөзі деп қабылдаудың қажеті жоқ» деген мәлімдеме жасаған. Сол кезде «Республика - Ата Жұрт» фракциясының бұл мәлімдемесін Қырғызстан билігінің маңайындағы саясаттанушылар аталмыш сәтті ұтымды пайдаланып, саяси ұпай жинау және сырттан өзін қолдайтын күш іздеу деп болжаған болатын.
Қорыта келгенде соңғы жылдары қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы жағдайларға қарап тарихтың қайталанып жатқанын көруге болады. Кезінде патша империясына қарсы тұру үшін қырғызға одақтас болайық деп барған Кенесары хан басынан айырылса, бүгінде өзбекпен жақындасып жатқан қазақ билігіне қырғыз жұрты қарсылық нотасын жіберуде. Сан жылдар өтсе де Орталық Азияда өзгермеген бір дүние ол - қазақ-қырғыз қарым-қатынасы. Бірі бауырлас ұлттармен бірігуді ойласа, екіншісі әлі күнге дейін Ресейге қарап отыр.