Қытай Коммунистік Партиясы (ҚКП) XIX құрылтайының басталуына тұп-тура бір ай уақыт қалғанда, жұртты елең еткізердей бір хабар тарады. Ол Қытай компартиясының кезекті  құрылтай барысында партия жарғысына өзгеріс енгізетіні туралы сөз еді.

Қытайдың "Шинхуа" агенттігінің хабарында "18 қыркүйек күні Қытай басшысы Ши Жинпиң (Xi Jinping) жоғары үкіметтің мәжілісін басқарып ашты. Бұл мәжілісте XIX құрылтайға байланысты төрт құжатты талқылады. Соның ішінде  «ҚКП-ның жарғысына өзгеріс енгізу туралы»  құжат та бар" деп жазылған болатын.  XIX құрылтайдағы мәлімдесінде ортаға қойылатын "аса маңызды теориялық көзқарастар мен күрес идеясы" партия жарғысына енуі керек деп тұрақтандырған.

Ал, АҚШ-тағы   voachinese.com сайты мұндағы  «аса маңызды теориялық көзқарастар мен күрес идеясы»  деп нені айтып отырғаны туралы "Шинхуа" агенттігі ештеңені ашып айтпағанын сөз етіп, Қытайда болғалы тұрған ауқымды жаңалыққа байланысты көлемді сараптама жазып таратты.

Өзге елдер не үшін Қытай компартиясының жарғысына назар аударады?

Іс жүзінде, Қытай компартиясы әр жолғы құрылтайда партия жарғысына өзгерістер енгізеді. 1922 жылы 2-кезекті құрылтайда жасалған жарғының алғашқы нұсқасынан кейін  әр кезекті құрылтай сайын бір біріне ұқсамайтын өзгеріс енгізіліп келеді. Қытай сарапшылары  оны  «Мәңгілік жалғастықты сақтау және дәуірмен бірге алға басу үшін»  деп түсіндіреді. Ал, кезекті мәжіліс кезінде ҚКП партия жарғысына 18 бап қосылатыны туралы хабарланған еді.

«Әрқандай бір партия жарғысы негізінен ұзақ уақыт бойы тұрақты нұсқасын сақтайды. Алайда,  жаңа басшылар өз қолтаңбасын қалдырып отырады.  Бұл тіпті ҚХР-да салтқа айналып қалды деуге болады.  Керісінше, бір құрылтайдан кейін партия ұстабы өзгеріссіз қалса, әне сол жаңалық болар еді», - дейді АҚШ-тың саясаттанушысы Ху Лиң.

Демек, жаңа жарғы жаңа басшының реформасы, жаңа саясаты, тіпті сол елдің дамуына қосқан жаңа үлесі болып бағаланады. Анығын айтқанда Қытай тарихындағы даңқты басшының бірі саналып жүрген Ши Жинпиң, өз есімін Қытай тарихына "алтын әріптермен жазу" үшін қандай жаңа өзгеріс алып келеді – Қытайдың әлемдегі әріптестерінің көз тіккені, міне, осы.

Жаңа жарғы жаңа реформа немесе жаңа стратегия болып табылса, Ши Жинпиң қандай жаңа саясатты жолға қоймақ? Қытай тарихындағы Мау Зыдоң (Мао Цзэдун/ Mao Zedong), Дың Шяупиң (Дэн Сяопин/Deng Xiaoping) секілді тарихқа қала ала ма?

Қытай үкіметінде Ши Жинпиңнің жаңа саяси теориясына қарата бағасы әлі жарыққа шықпады. Тек, 14 шілдеде Қытай компартиясы  «Партия құрылсына зерттеу»  атты журналында алғаш рет  «Ши Жинпиң идеясы»  деген атауды жарыққа шығарды. Алайда,  Қытайдағы ресми медиалар  «Ши жинпиң идеясы»  деген атауды   «Шин Жинпиңнің ел басқарудағы саяси идеялары»  деп қолдануда.

Нью-Йоркте жарық көретін  «Бейжің көктемі»  журналының бас редакторы Хоу Пиңнің бұл туралы: "Ши Жинпиң мен бұрынғы Қытай басшыларын салыстыра қарағанда,  олардың саясаттарында аздаған айырмашылықтар бар екенін байқаймыз. Дегенмен,  өткен бес жылға қарасақ,  оның айтып жүрген сөздерінен пәлендей бір  «Идея»  деп айтуға тұрарлық жаңалық көре алғамыз жоқ", – деген пікір білдірді.

Хоу Пиң және:  «Қытай басшылары таққа отырудан бұрын өздерінде жаңа идея бар екенін айтудан қорқады. Егер ел басқаруда жаңа бастамаларының бар екенін білдіріп алса,  онда оны партия ішіндегі ең жоғары құқықтағы адам деп білеміз. Сондықтан,  тек ең жоғары билікке келгеннен кейін ғана, олар өздерінің жаңа саясаттарын, саяси теорияларын ортаға салады»  деді.

Қытайдың қазіргі басшысы қандай жаңа бастамалар көтереді – бұл қазір Ши Жинпиңнің өзіне ғана аян. Дегенмен,  Хоу Пиңнің айтуынша, партия жарғысына бір басшының өзгеріс енгізе алуы, оның Қытай тарихында қалуына тікелей байланысты болмақ екен.

Айталық,  "Мау Зыдоң  идеясы" деп аталатын саяси бағыт, ҚКП-ның VII кезекті құрылтайында партия жарғысына енген. Осыдан кейін ол Қытай тарихында қазіргі салауатқа ие болды. Оның әрбір сөзі  «ең жоғарғы нұсқау »  саналды. Оған қарсы тұрғанның бәрі  «ұлы  партияға" қарсы келгендік саналды. Маудан кейін "Дың Шияупиң назариясы" 1997 жылы XV құрылтайында партия жарғысына енді. Жяң Зыминнің (Jiang Zemin) «Үшке уәкілдік ету»  деп аталатын идеясы ҚКП-ның XVI құрылтайда жарғыдан орын алған. Ху Жинтаудың (Hou Jintao) «Ғылыми даму көзқарасы»  XVII құрылтайда жарғыға енгізілді, XVII құрылтайда ол тақтан кеткеннен кейін, "партия ісіне жетекші идея" деп танылған.

«Егер Ши Жинпиңнің өкілеттілік мерзімінен кейін, оның есімі жаңа идеясы немесе ел басқарудағы жаңа теория арқылы партия жарғысына кіретін болса,  бұл оның өзінен бұрынғы екі басшыдан да,  тіпті Қытай тарихындағы әйгілі реформатор Дың Шяупиңнен де асып түсіп,  партия ішіндегі ең жоғары билікке қолы жеткен тұлға болар еді. Яғни,  «Ши Жинпиң идеясы»деген жаңа идея бәріне келді деген сөз. Оның айтқан әрбір сөзі Қытай үкіметі үшін бұлжымас сенім болып қалады.  Яғни,  Маудан кейін Ши Жинпиңнен өзге ешбір Қытай басшысы өз атын партия тарихына жазып қалдыра алмаған болып саналады» -  дейді саясаттанушы Хоу Пиң.

Ши Жинпиң өз орынын сақтап қала ала ма?

Ши Жинпиң төрағалық орынға келе салып, бірінші кезекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қолға алды. Бұл күресте оған партия ішінде сан мыңдаған қарсыластары пайда болды. Яғни, ол Қытай тарихындағы  «4 мамыр  жастар қозғалысынан» бергі ең ірі көлемдегі құқық таласына жол ашты.

Хоу Пиң бұл туралы: «Қазір Ши Жинпиң билігі үшін ең үлкен мәселе – алдағы үлкен құрылтай кезінде,  оның  өз орынын сақтап қалу-қалмауы. Егер ол өз өкілеттілігін сақтап қала алса, құрылтай ойдағыдай өтеді. Ол кезде құрылтай өкілдері оның жаңа бағытына қарсы пікір айта алмайды. Ал, бұл үлкен құрылтай Шидің өкілеттілігін тоқтатар болса,  онда Қытай билігінде үлкен толқу болады. Құрылтай алдында ешкім ойлап көрмеген қадамдар жасалуы, тіпті үлкен саяси өзгерістер де пайда болуы мүмкін», - деген пікірде.

Дегенмен басым көп сарапшылардың пікіріне жүгінсек, ҚКП-ның құқықтық нормативтеріне негізделгенде,  аса ірі өзгерістер бола қоймайды. Мейлі қалай десек те, қазан айында ашылатын құрылтай Қытай билігінің жаңа бір тарихы болып қалмақ. Оның тарихи маңызы туралы сарапшылар құрылтайдан кейін ғана нақты пікірлерін айта алады.

Дегенмен, Voachinese сайты ҚХР төрағасы құрылтай алдында әскери тәртіпті қатаң ұстап,  әрқандай әскери,  саяси өзгерістердің туылуының алдын алуды қатаң тапсырма бергенін жазды. Бұған да әр елдегі сарапшылар түрлі пікірлер білдірді. Қазір әлемдік БАҚ-та Ши Жинпиң ҚКП-ның үлкен құрылтайынан кейін «әскери істерді мықтап қолға ала ма, әлде,  саяси істерді барынша назарда ұстай ма?  Үлкен мәжіліс кезінде әскери төңкеріс туып жатса Қытай үшін қаншалықты қатерлі? Қытайдың ең жоғары лауазымдылары арасында қайшылықтарды болып отыр ма?»  деген сұрақтар төңірегінде көбірек талқылануда.

Ши Жинпиң билікке келе салысымен еліндегі тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қолға алуы, оның саясаттағы алғашқы тұлғасын жұртқа танытты. Екіншіден, Қытай басшысы ретінде көршілес елдер мен өңірлерге жаңа дипломатиялық бағыттар ұстанып, Қытайды құрсаулап тұрған кеңістікті кеңейтті деуге болады. Оның экономикалық дағдарыс кезінде Қытай экономикасын шайқалтпай ұстауы да оның ел іші-сыртындағы беделін арттырды. Солай болса да , «кезекті зор жиын оның бұл аброй-беделімен санаса ма, әлде ҚКП-ның жаңа мұрагеріне тағын өткізіп бере ме?» – бұл қойылған сұрақтардың жауабы қазан айындағы құрылтайда табылады.

Көршілес Қытай еліндегі қандайда бір саяси өзгерістерді, оқиғаларды назардан тыс қалдыру бізге ұпай бермейді. Сондықтан, олардың дабыралы құрылтайы біздің биліктің де назарында жүруге тиіс. Алдағы құрылтайы қалай өтсе де, біздің бір үмітіміз ретінде, екі ел ортасындағы қарым-қатынастың баяндылығын, ондағы қазақ қандастардың мүддесінің тапталмауын күтер едік. Жаңа саяси өзгерістен кейін Қытай елінің жақынғы жылдардан бері аз санды ұлттар мен сол елдегі қандастарымызға қаратқан қатаң саясатына оңды өзгеріс алып келсе құба-құп дер едік. Тіпті, бұл өзгеріс алдағы уақытта Қазақстан-Қытай арасындағы қарым-қатынасты мүлде басқа арнаға бұрып кетуі де мүмкін.

“The Qazaq Times”