2017 жылдың қаңтар-тамыз айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,3%-ға өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице министрі Руслан Даленов мәлімдеді.
"Шілде айында экономикалық өсім бәсеңдегенмен, алдын ала мәліметтер бойынша 8 айда 4,3%-ға жоғарылаған. Сыртқы сауда көлемі 3 есеге дейін өсті, инфляция бәсеңдеп, болжалды дәлізде тұр", - деді вице-министр Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, экономикалық өсім негізгі төрт салада байқалып отыр. Мысалы тау-кен өнеркәсібінің 11,3%-ға және өңдеудің 6,1%-ға өсуі есебінен өнеркәсіп 8,5%-ға артқан. Бұл соңғы алты жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Өсімнің төмендеуі құрылыс және ауыл шаруашылығында байқалды. Өйткені ауыл шаруашылығы маусым айынан бері 3,1%-дан 1,9% -ға дейін, құрылыс қарқыны шілдеде 0,7% -дан 0,1% -ға дейін бәсеңдеп кеткен.
Сондай-ақ, министрлік өкілінің сөзіне сенсек, тамыз айында инфляция 7%-ды құраған және болжалды дәлізде тұр. Ал жұмыссыздар саны 4,9% деңгейінде сақталған.
Айта кетейік, инфляция, ЖІӨ, жұмыссыздық туралы министрліктің есебі ресми статистикалық мәлімет. Алайда, күнделікті азық-түлік бағасы мен бензиннің қымбаттауы және валюта нарығындағы жағдайлар бұл "құрғақ" есепті жоққа шығарады.