Шешенстан билігі Ярослав облысында Иосиф Сталин ескерткішін орнатуға тыйым салуға байланысты заң жобасын қолдайтынын білдірді – деп хабарлайды ВВС ақпарат қызметі.
Наурыз айында Ярослав облыстық думасының депутаттары Сергей Балабаев пен Василий Цепенда аймақтық парламентке облыс аумағында Сталин ескерткіштерін орнатуға тыйым салатын заң жобасын ұсынған. Бірақ аймақтық парламент қос депутаттың бұл ұсыныстарын қабылдамай тастаған.
Осыған байланысты заң жобасын қолдаған Шешенстан президенті әкімшілігінің басшысы Вахит Усмаевтың қолы қойылған хат Ярославльге сәуір айының 26-сы күні жіберілген. Бірақ облыстық дума заң жобасын 25 сәуір күні қабылдамай тастағандығына байланысты хатқа мардымды жауап бермеген. Жақында Балабаев пен Цепенда Шешенстан билігінің қолдауымен аталмыш заң жобасын Федерация деңгейінде қайтадан талқылауға ұсынып көретіндерін мәлімдеген.
Шешенстан президенті әкімшілігінің хабарлауынша, Сталиннің ескерткіштерін орнатуға тыйым салатын заң жобасын қолдауға, оның қабылдануына атсалысуға ел басшысы Рамзан Кадыров тапсырма берген. Бұған дейін Кадыров Сталинге байланысты өзінің Instagram парақшасында: «Осыдан 62 жыл бұрын Иосиф Сталин шешендер мен ингуштарды депортациялауға тапсырма берген. Оны Лаврентий Берия орындаған. Бұл екеуін осы ісі үшін шешен халқы ғасырлар бойы қарғап өтеді» - деп жазған.