Грузияның экс-президенті, Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвили жақтастарымен бірге Украина шекарасын бұзып кірді, дпе хабарлайды ВВС ақпарат қызметі.

Украина азаматтығынан айырылған Михаил Саакашвили жексенбі күні Польшаның Жешув қаласынан шығып, Украинаның Львов қаласына темір жол арқылы бармақшы болған. Алайда темір жол тасмалын қамтамасыз ететін украиналық компания Саакашвилиді Львовқа жеткізуден бас тартып, одан пойыздан түсіп қалуды сұраған. Осыдан кейін Саакашвили автобуспен Украинаның Медыка Шегини шекара бекетіне барған. Шекара бекетінде Саакашвили бірнеше сағатқа украиналық шекарашылардың қоршауында қалған. Бірақ бірнеше күн бойы шекара маңында күтіп жатқан мыңдаған жақтастары қоршауды бұзып өтіп, оны Львов қаласына жеткізген. Михаил Саакашвилиді шекарадан күтіп алуға Жоғарғы Рада депутаттары мен оппозициялық саясаткер Юлия Тимошенко да барған.

Жексенбі күні кешке Львов қаласының орталық алаңында сөйлеген сөзінде Михаил Саакашвили әйелі мен баласы келгенше қалада қалатындығын айтқан. Ал Украина шекара қызметі Саакашвилидің ел аумағына кіруін заңсыз деп танып, "мемлекеттік қызметкерлерге қарсы шығу арқылы ел шекарасын бұзды" деген мәлімдеме таратқан.  Бұдан бөлек Украина ұлттық полициясы жексенбі күні Медыка Шегини бекетінде болған оқиғадан 11 полиция қызметкері мен 5 шекарашы дене жарақаттарын алғанын хабарлаған.

Естеріңізге салайық, шілде айынның соңында Петр Порошенко Михаил Саакашвилиді АҚШ-та жүрген жерінде Украина азаматтығынан шығарып, ел аумағына кіруге тыйым салған. Бірақ Порошенконың бұл ісін Саакашвили қорқақтыққа балап, алдағы уақытта Украина аумағына қандай жолмен болмасын кіретінін және саясат алаңында Порошенкоға қарсы күресін жалғастыратынын мәлімдеген болатын.

“The Qazaq Times”