Биыл Сүриядағы азаматтық соғыстың жалғасып келе жатқанына жетінші жыл толуға жақындады. Осы уақыт аралығында 465 мың сүриялық қаза тауып, 1 миллионға жуық азамат жараланды, соғысқа дейінгі халық санының жартысына жуығы (12 миллион) туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бейбіт халыққа орны толмас қайғы алып келген, әлі де қашан аяқталары белгісіз қарулы қақтығыстың қайдан басталғанын, соғысып жатқан тараптар мен сарапшылардың болжамдарын қамтыған сараптамамызды назарларыңызға ұсынамыз.
Соғыс қалай басталды?
2011 жылы "Араб көктемі" кезінде Тунистің Президенті Зен әл-абидин Бен Әли мен Египеттің мемлекет басшысы Хосни Мүбарак жалпыхалықтық көтерілістердің нәтижесінде биліктен кетті. Сол жылдың наурыз айында Сүрияда "Араб көктемін" қолдап, граффити салған 15 жасөспірім қатаң жазаланып, олардың бірі құқық қорғау органы қызметкерлерінің қолынан қаза тапты. Бұл оқиға халықтың бейбіт шеруге шығып, билікке қарсы наразылық білдіруіне ұласты. Сүрияның Президенті Башар әл Асад шеруге шыққандарды жаппай жазалап, абақтыға жапты, жүздеген адам құрбан болды. Тунис пен Египеттегі халықтың жеңісі сүриялықтарды жігерлендіріп, мемлекеттік билікке қарсы жалпыхалықтық көтеріліске шығуларына түрткі болды. 2011 жылдың шілде айында Оппозиция тарапынан "Еркін Сүрия әскері" тобы құрылып, азаматтық соғыс басталды.
Билікке наразылықтың себебі неде?
Көп сарапшылар Сүриядағы көтерілістің себебін ел ішінде көптен бері қордаланған мәселелердің шешілмеуі, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі, билікке деген наразылықтың артуымен байланыстырады. Башар әл Асад пен оның жанындағы биліктегі азаматтар Сүрия халқының басым көпшілігін құрайтын сүниттердің емес, азшылық алавиттердің өкілі болуы азаматтық соғысқа дінаралық бөлінушілік сипат берді. Үкіметке қарсы оппозиция топтары сүннит мұсылмандарынан тұрса, Башар әл Асадтың жанына Сүриядағы саны аз діни ағымдар бірікті.
Сүрияда 2007-2010 жылдар аралығында болған қуаңшылық, ауылды өңірлерді мекендейтін 1,5 миллион тұрғынның қалаларға қоныс аударуына себеп болды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақсыздықты күшейтіп, кедейлік деңгейін арттырды.
Шет мемлекеттердің араласуы
АҚШ Үкіметі Башар әл Асадтың биліктен кетуін қалағанымен, Сүриядағы қақтығысқа бірден араласа қоймады. 2013 жылы "Сүрия Президенті соғыста химиялық қару қолданды" деген мәлімдемеден кейін, Барак Обама әскери интервенция жасау туралы шешім қабылдады. Соғыс алаңында Оппозиция мен мемлекеттік күштерден бөлек, осы уақыт аралығында әртүрлі исламдық топтар құрылғанын ескертіп өткен жөн. Солардың бірі - әлем елдерінде террористік ұйым деп танылған "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы. 2014 жылы АҚШ терроризмге қарсы күрес ұранымен, Сүрияға әскерін кіргізді.
2015 жылдың қыркүйек айында Сүриядағы соғыс алаңына Ресей қосылды. Ол Башар әл Асадтың әскери күштеріне қолдау көрсетіп, "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымын бомбылау міндетін мойнына алды. Башар әл Асадтың билігіне бұрыннан қарсы АҚШ-тың мемлекеттік күштермен күрес жүргізіп отырған күрдтер, басқа да ислам топтарын қару-жарақпен қамтамасыз еткені туралы мәліметтер бар. Көршілес Сүрияда күрдтердің күшейіп келе жатқанынан қорыққан Түркия 2016 жылдың тамыз айында қарулы қақтығысқа араласты.
Соғыс алаңындағы өзге топтар
Соғыс алаңындағы өзге ұсақ топтардың қатарына "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы, "Жабхат фатех әл-Шам", "Хезболла" және күрдтердің бастамасымен құрылған "Сүрияның Демократиялық әскери күштері". Алавит топтары шиит мұсылмандарына жататындықтан, Башар әл Асад пен "Хезболла" тобын Иран мен Ирак қолдаса, қалған сүниттік бағытты ұстанатын топтарды Сауд Арабиясы, Катар, Түркия қаржыландырып отыр.
Соғыс барысында "Еркін Сүрия әскері" әлсіреп, "Әл-Нусра" тобы күшейе бастады. 2016 жылы "Әл-Нусраның" көшбасшысы Әбу Мұхаммед әл-Жәулани топтың аты "Жабхат фатех әл-Шам" болып өзгеретінін және "Әл-Каидамен" барлық байланыстарын үзетінін хабарлады.
"Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы Ирактың көп бөлігін жаулап алғаннан кейін, 2013 жылы Сүрияның оңтүстігі мен шығыс бөліктерінде құрылды. Аз уақыттың ішінде әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануы мен аяусыз терактілері арқылы әлемдік қауымдастықтың қатаң сынына ұшыраған ұйымның қатарында жер шарының әртүрлі мемлекеттерінен келіп қосылған жауынгерлер бар.
Күрдтер құрған "Сүрияның Демократиялық әскери күштері" өздері басып алған территорияда соғысты жалғастырып жатыр. Ал "Хезболла" Башар әл Асадтың тарапында мемлекеттік күштерді қолдау үстінде.
2016 жылдың желтоқсан айында Сүрия әскері ел үшін маңызды Алеппо қаласын қайтарып алды. Осы қақтығыс барысында мемлекеттік күштер химиялық қару қолданып, 9 адам көз жұмып, жүздеген азамат жараланған. Сүрия Үкіметі мен Оппозиция арасында бірқатар келісімдер жасалған.
Қазіргі жағдай
Қазір Сүрия мемлекеттік күштерінің қол астында Алеппо, Дамаск, Даир-әз-Заур, елдің оңтүстігінің бір бөлігі, оңтүстік -батыс аймақтар мен Ливанмен шекаралас бірқатар өңірлер бар. Сүрияның қалған бөліктері "Ислам мемлекеті", күрд топтары мен басқа басқыншы ұйымдардың қарамағында.
Төменде "Әл-Жазира" ақпараттық агенттігі ұсынған карта:
Женевада өткен Сүрия мәселесіне арналған жиында және АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин арасындағы кездесу кезінде келісілген шарттарға сәйкес, солтүстік батыстағы 3 аумақта дескалациялық зоналар құрылып, оқ ату тоқтатылды.
АҚШ пен Сүрия Үкіметі соғыс кезінде бейбіт халыққа қарсы жасалған қылмыстық әрекеттерге бірін-бірі кінәлап келеді. Мәселен, АҚШ әлі күнге Башар Асад химиялық қару қолданғанын растайтын зерттеу ісін жалғастырып, түрме жанынан құрбандар санын қысқартып көрсету үшін қолданылатын адам денесін өртейтін крематорий табылғанын айтса, Сүрия билігі "Америка өзінің әскери интервенциясын ақтап алу үшін әртүрлі айыптар тағып отыр" деп есептейді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 23 мамыр-23 маусым аралығындағы бір айдың ішінде АҚШ-тың әуеден атқылау операциялары 472 бейбіт (оның ішінде 137 бала) тұрғынның өліміне себепкер болғаны туралы ақпарат тарады.
Сүриялық босқындар
Сүрияны тастап, тыныштық іздеп кеткен босқындардың көбі Ливан, Түркия, Иорданияға бет түзеген. Одан әрі жақсы өмірден үміт етіп, Еуропаға ағылғандардың саны көп. БҰҰ жуырда 440 мың босқын Сүрияға қайта оралғанын хабарлады. Олар Дамаск, Алеппо қалаларына орналастырылды.
BBC ақпараттық агенттігінің журналисі Джереми Боуэн (Jeremy Bowen) өзінің Сүрияға сапары мен мемлекет басшысы және оған қарсы күресіп жатқан топтармен болған сұхбатынан мынадай қорытынды жасайды: "Соғыс көп нәрсені өзгертті, бірақ аяқталған жоқ. Сүрия президенті мемлекеттік күштерге қарсы күресіп жатқандардың бәрі террористер деген болатын. Басқыншы топтардың қолына өткен мен болған аудандардағы мемлекет "террорист" деп атайтындар, өздерінің қарапайым сүриялықтар екенін айтады. Олар қаншама жылдар бойы саяси режимнің ауыртпалығын көріп," оған қарсы ашынғандықтан, қолдарына қару алған. Мемлекет өздерін халықтың қорғанымыз дегенімен, олардың қолына қайтарылған Алеппода сау ғимарат жоқ. Басқыншы топтардың көзін жою қажет болса да, олар тұрған қалада миллиондаған бейбіт тұрғын бар екенін ескеру керек еді. Ресей әскері мен башар Асад бастаған күштер қиратқан, өмір сүруге қолайсыз аумақ көп".
Соғыстың аяқталуы үшін әр тарап өз мүддесін емес, халықтың шынайы жағдайын ойлағаны қажет-ақ. Әлем мемлекеттері осы мәселені талқылау үшін бір үстел басына қанша рет отырғанымен, әлі күнге позициялар қайшылығы қақтығыстың соңғы нүктесін қоя алмай отыр.