Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Украинаны соғыс қару-жарағымен қамтамасыз ету туралы шешімі "Донбастағы қақтығыстың шиеленісуіне түрткі болатынын" мәлімдеді.
Путин 5 қыркүйекте Қытайда өткен БРИКС елдері саммиті аясында журналистерге Уашингтон кімге қару сататынын, я беретінін өзі білетінін айтты. "Бірақ қақтығыс аймағына қару жөнелту татуластыруға септеспейді, жағдайды тек қиындатады", - деді Путин.
Өткен айда АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис Вашингтон Киевке Ресей қолдайтын сепаратистерден қорғануына көмектесу үшін қорғаныс мақсатындағы қару-жарақ жеткізу жағын "ойластырып жатқанын" хабарлаған.
Путин қару-жарақ жеткізу Украина шығысындағы жағдайды мүлдем өзгертпейтінін, керісінше, құрбандар санын арттыратынын айтты. Путин Донецк мен Луганск облыстарындағы сепаратистер жариялаған "халық республикаларын" меңзеп: "Өзін-өзі жариялап алған республикаларда қару-жарақ, оның ішінде қарсыластарынан тартып алған қаруы жеткілікті", - деді.