Астанада заңсыз қызмет ететін таксилер жойылмақ. Ол үшін жергілікті билік өкілдері тексеру жүргізгелі отыр. Осылайша қала техникалық, медициналық тексерістен өтпеген, жолаушы қауіпсіздігіне жауап бермейтін такси қызметінен тазартылмақ, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, қазір қалада 14 таксомоторлы компания бар. Яғни 500 көлік қызмет етеді. Соңғы 3-4 жылда мұндай 20 шақты компания жұмысын тоқтатқан. Өйткені, заңсыз қызмет көрсететіндер көп болғандықтан, тоқырап қалған.

Енді қала әкімдігі қала имиджіне нұқсан келтірмей, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Қыркүйектің 12-сінен бастап 1 ай бойы заңсыз такси қызметін атқаратындарды тексеру басталады. Жолаушы тасуға құжаты жоқ көлік жүргізушілері 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейтін болады. Ол 45 мың теңгеден жоғары.

"Әзірге әкімдік өкілдері заңсыз такси қызметін атқарып жүргендерді ұстайтын болады. Ал алдағы уақытта қол бұлғағандарға тұра қалып, жолаушыны діттеген жеріне жеткізетін көлік иелері де жауапқа тартылмақ. Бірақ мамандар оларды қашан, қалай ұстайтындары талқыламақ.  Мобильді қосымша арқылы қызмет ететіндер де тексерілуі мүмкін", - дейді «АСТАНА LRT» ЖШС жолаушылар көлігі бөлімінің маманы Абдыхамит Тамабаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда жұмыссыз жүрген азаматтардың көпшілігі отбасын асырау үшін осылай заңсыз такси қызметін ұсынады. Ал егер мұндай тексеру жұмыстары тек Астана ғана емес, басқа қалаларда да жүргізілетін болса, онда Үкіметке такси болып нанын тауып жеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамтудың жаңа реформасын жасап шығуға тура келеді.

“The Qazaq Times”