Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әңгімелесу барысында Дональд Трамп Қазақстан Президентін Астанадағы «EXPО-2017» халықаралық көрмесінің табысты өтуімен құттықтап, Америка делегациясының осы іс-шараға қатысуының нәтижелерін жоғары бағалаған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Техас штатындағы ондаған адамның өмірін қиған табиғат апатына байланысты көңіл айтып, зардап шеккен аудандардағы инфрақұрылымның тезірек қалпына келуіне және жергілікті халықтың қалыпты тіршілікке қайта оралуына тілектестігін білдірді.
Ақорданың мәліметінше, екі ел басшылары биылғы 21 мамырда Эр-Риядта өткен «Ислам әлемі – АҚШ» саммиті аясындағы алғашқы кездесудің Астана мен Уашингтон арасындағы ынтымақтастықты нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтті.
Президенттер Қазақстан мен Америка қарым-қатынасының жағдайын және оның даму перспективаларын талқылады. Бұл ретте тараптар екіжақты сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылды нығайту туралы уағдаласқан.
Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда биылғы 29 тамызда жұмысын бастаған Төмен байытылған уран банкінің жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы маңыздылығына назар аударды.
Екі ел көшбасшылары Америка-Ресей қарым-қатынастарының жағдайына жеке тоқталды. Қазақстан Президенті Уашингтон мен Мәскеу арасындағы диалогтың жақсаратынына сенім білдірді.
Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты Уашингтонға ресми сапармен келуге шақырды.
Мемлекеттер басшылары әңгіме соңында екі жақтың да мүдделі болатын мәселелері жөніндегі тұрақты диалогты қолдауға ниетті екендіктерін білдірді.
Телефон арқылы сөйлесуге АҚШ жақ бастамашы болған.