2018 жылы экономиканың нақты секторларын дамыту үшін бюджеттен 1,4 трлн теңге бөлу қарастырлған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

Сондай-ақ, ведомство басшысы 2018 жылға жоспарланған бюджет шығындары туралы айтты. Сонымен "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыруға 243,3 млрд теңге жұмсалады. Ал "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасына 125,2 млрд теңге жұмсау көзделген. Агроөндіріс кешенін дамытуға, оның ішінде субсидия, су шарушылығын дамыту, ветеринарияға  195 млрд теңге қарастырылған. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға 76,1 млрд теңге бөлінеді.

"Республикалық бюджет дефициті ЖІӨ-ге қатысты 2018 жылдан 2019-2020 жылға қарай 1,1%-дан 1%-ға дейін төмендеді, бұл мемлекеттік қарыз көлемін қалыпты деңгейде ұстауға мүмкіндік береді", - деді Сұлтанов.

Сондай-ақ, мұнайдан түскен түсімдердің көлемі осы жылғы жоспардың 851,1 млрд теңгеге өсуіне байланысты 5,2 трлн теңгені құрайды.

Министрдің айтуынша, 2018 жылы республикалық бюджеттің шығыны 9,2 трлн теңге болады және бұл биылғы шығынға қарағанда 134,6 млрд теңгеге жоғары. Бұдан бөлек, шығындардың ең көп бөлігін немесе 44,5%-ын әлеуметтік сала құрайды, яғни шығын биылғы жылға қарағанда 400 миллиард теңгеге артық болады.

Айта кетейік, мемлекеттік бюджеттен  экономиканың нақты секторларына жылда қаражат бөлінеді. Алайда оның толық игерілуін көпшілігі қамтамасыз етіп отырған жоқ. Тіпті әлеуметтік салаға бөлінген қаржы көп болған күннің өзінде халық жағдайының көтерілгенін байқап отырған жоқпыз.

“The Qazaq Times”