Дональд Трамп АҚШ-тағы иммигрант жастарды қорғайтын бағдарлама жұмысын тоқтату туралы шешім шығаруы мүмкін. Бұл туралы барлық ақпарат құралдарынан жинақталған деректер негізінде ABC News хабарлады.
Барак Обаманың бастамасымен 2012 жылы 15 маусымда құрылған бағдарлама (Deferred Action for Childhood Arrivals немесе DACA) Америкаға бала кезінде келген заңсыз иммигрант жастарды 2 жыл бойы депортациялаудан қорғап, жұмыс істеуге рұқсат алуға көмектеседі. Бұл мемлекеттік емес орган қазірдің өзінде бейресми "Арманшылдар" (Dreamers) атанған 600 мың иммигрант жасты қамқорлығына алып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, өзінің сайлауалды бағдардамасында Дональд Трамп Президенттік қызметке тағайындалса, Барак Обама тұсында қабылданған имигранттарға қатысты барлық заңдар мен бағдарламалардың (DACA-ны қосқанда) күшін жоятынын айтқан болатын.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс журналистерге берген сұхбаты кезінде бұл мәселе әлі талқылауда екенін жеткізіп, соңғы заңды шешімді Конгресс қабылдайтынын атап өтті.
2013 жылдан бастап, республикашылдар DACA-ның жұмысын тоқтатуға күш салып келеді. Маусым айында он республикашыл прокурор Дональд Трамп әкімшілігінен DACA-ны жабуды сұрап, бұл иммигранттарға көмек көрсету туралы осыған дейін қабылданған құжаттарға әсер етпейді, тек жаңа қолдау шараларын жүзеге асыруды тоқтату керек деп мәлімдеген.
DACA-ның қолдаушылары: "Аталған бағдарлама құрылуы үшін иммигрант жастар қалай белсенділік танытса, оны сақтап қалу үшін біз де қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Сотқа шағым түсіреміз, шеруге шығамыз", - деді.