Сүрия «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымынан азат етілгеннен кейін ресми Дамаскіні не күтіп тұр?
Жақында Ресей Федерациясының қорғаныс министрі Сергей Шойгу Сүрияда азаматтық соғыс аяқталды деп мәлімдеді. Шойгу мырзаның бұндай мәлімдеме жасауы бекер емес екені белгілі. Бірақ Сүриядағы азамат соғысы тек «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының жеңіліс табуымен аяқталды деп айтуға бола ма? Әрине жоқ. Өйткені қазіргі таңда ел аумағында «Ислам мемлекеті» ұйымының содырларынан бөлек Түркия, Күрдстан, АҚШ әскерлері бар. «Олар әскери базалары орналасқан аумақтарды Дамаскіге қарсылықсыз бере салады» дегенге сену қиын. Оның үстіне Сүрия аумағындағы Әл-Кайда ұйымының филиалы «Джапхат ан-Нусра» әскери тобы қазірдің өзінде Сүрия аумағындағы ірілі-ұсақты қарулы топтардың басын біріктіріп «Хайат Тахрир аш-Шам» әскери ұйымын құрған. Бұдан бөлек елде «Ахрар аш-Шам», «Дшейш әл-Ислам» сынды тәуелсіз Сүрия әскері аталатын топтардың санатына жататын қарулы ұйымдар бар. Дәл осы екі ұйымның өкілдері Астана келісіміне Сүрия оппозициялық күштері ретінде қатысқан болатын.
Естеріңізде болса Астана келісімінде Ресей, Түркия, Иран және Сүрия аумағында белгілі бір дәрежедегі күшке ие тараптар елде төрт бірдей деэскалациялық аудан құруға уағдаласқан еді. Бұл аудандар - ел астанасы Дамаск қаласы орналасқан Шығыс Гут аймағы, Хомс провинциясының Эр-Растан және Тель-Биса қалаларының маңы, Иорданиямен шектесетін Дераа мен Кунейтра провинциялары аумағы және Идлиб провинциясының солтүстік-батыс аймақтары. Астана келісімінде қол жеткізген бұл деэскалациялық аудандарының құрылуы ресми Дамаскіге көп көмек болғаны анық. Бірақ бұл аудандардың жер көлемі аса үлкен емес. Соның өзінде де бұл аймақтарға деэскалациялық аудан құру оңай болған жоқ. Ал ертең «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы жеңіліс тауып, елде одан басқа жау қалмағанда Башар Асад билігі жоғарыда аталған қарулы топтар мен үшінші бір мемлекеттердің әскерлеріне тап болатыны хақ.
Ол кезде бүгін Ресей мен Асад билігін қолдап деэскалациялық аудан құруға келісіп отырған Иран мен Түркияда өңін өзгертетіні анық. Бұлай дейтін себебіміз қазірдің өзінде Түркия билігі Алеппо провиницясын «Ислам мемлекеті» содырларынан тазартса да, аймақты азат ету үшін кіргізген әскерін Сүрия аумағынан шығармай отыр. Ал Сүрия Күрдстан қарулы қозғалысы елдің солтүстігінде Солтүстік Сүрия Федерациясы басқару жүйесін құратындықтарын мәлімдеді. Тіпті осы мақсатта олар Ракка қаласында басым көпшілігін арабтар құрайтын кеңесте құрылған.
Қорыта келгенде ресми Дамаскіге ел аумағынан «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымын шығарғанымен толыққанды орталықтандырылған билік құрудың ауылы алыс. Ұзақ жылдарға созылған соғыстан кейін Башар Асадты президентім деп танитын халықтың қарасы бұрынғыдан қарағанда сиреген. Батыс мемелекттері мен АҚШ, қала берді лаңкестік ұйымдар жабылып құлата алмаған Асад билігіне төнген қауіптің қара бұлты сейілгенмен алдағы уақытта Сүрияның тұтастығын сақатап қалу үлекен мәселе. Соғыста жеңімпаздар болмайды, жеңілгендер ғана деген осы шығар.