Қазіргі кезде әлемде 250-ден аса мемлекет бар. Олардың 195-і тәуелсіз болса, қалғандары белгілі бір дәрежедегі мәртебеге ие. Ал әлем бойынша айналымда 160 валюта бар екен. Яғни әрбір екінші мемлекеттің жеке валютасы бар деген сөз. Бұл валюталардың кейбірін пайдаланып көрсек енді кейбірінің тек атын ғана білеміз. Ендеше назарларыңызға айналымда жиі қолданылатын әлемдік валюталарды ұсынамыз.
АҚШ доллары
Доллар — әлемдегі ең танымал валюта. АҚШ, Аустралия, Канада, Панама, Жаңа Зеландия, Эквадор, Доминик, Пуэрто-Рико сынды елдерде негізгі төлем құралы. Бір томдық Oxford Dictionaries ағылшын тілі сөздігінде жазылғандай, 2007 жылға дейін айналымда болған словениялық толер сияқты "доллар" атауының шығуы joachimsthaler "иоахимсталер" монетасының тарихымен байланысты көрінеді. Бұл монетаның атауы "талер" немесе "далер" сөзіне дейін қысқарған. Монета Йохаким аңғарының (Чехияның Яхимов қаласының маңында орналасқан) атымен аталды, онда күміс монета шығарылып, ішінде монеталар соғылған. Содан монета атауы түрлі тілдерде өзгере бастайды. Кейін ол Американың тәуелсіздік үшін болған соғысы кезінде, испан-америкалық және британдық колонияларда "доллар" деп атала бастайды. Осылайша АҚШ-тың ресми ақша бірлігі "доллар" деген атауға ие болады.
Англиялық фунт стерлинг
Фунт стерлинг - Ұлыбританияның ақша бірлігі. Сирия, Ливан, Судан, Оңтүстік Судан, Мысыр фунт стерлингті өздерінің ресми валютасы деп есептейді. Британдық валютаны басқа елдердің осы аттас валюталарынан айыру үшін "фунт стерлинг" атауы толық қолданылады. Ақша атауы латынның poundus сөзінен шыққан, "салмақ" деген мағынаны білдіреді. Ал негізгі атау XII ғасырда пайда болған және ол "таза күміс фунт" деген атауға ие болған. Бір троялық фунт 240-қа жуық ежелгі ағылшын монеталарының салмағына ие .
Песо
«Песо» испан тілінен аударғанда "салмақ" деген мағына береді. Бұл валюта Испанияның колониялары болған Колумбия, Доминика Республикасы, Куба, Аргентина, Мексика, Уругвай, Чили және Филиппин сынды елдерде әлі күнге дейін қолданылады. XVI ғасырдың басында испандықтар қазіргі Мексика жеріне келген кезде ақшаның бұл түрі болмаған. Жергілікті халық төлем құралы ретінде какао бұршақтарын пайдаланған. Сол кезде испандық конкистадор Фернандо Кортес барлық алтыннан құтылу туралы корольден бұйрық алады. Ол король бұйрығын орындап, таза алтыннан монета соғып шығара бастайды, одан кейін қоладан жасалады. Осылайша "песо" атауы қалыптасады.
Динар
Динар Тунис, Алжир, Македония, Бахрейн, Ирак, Кувейт, Иордания, Сербия және Ливия сынды елдерде қолданылады. "Динар" атауы Рим империясының аумағында төлем құралы болған ежелгі күміс монета "динарийден» шыққан. Латынша denarius атауы бойынша "ондықтан тұратын" деген мағынаны білдіреді.
Түрік лирасы
Қазіргі кезде лира Түркияның ұлттық валютасы. Бұл ақшаны Мальта, Сан-Марино, Италия, Ватикан еуроға ауыспай тұрғанда ұлттық валютасы ретінде пайдаланған. Валюта атауы латынның libra сөзінен шыққан және фунт сияқты "салмақ" деген мағынаға ие.
Риал
Сауд Арабиясы, Йемен, Катар, Оман және Иран елдері өздерінің ұлттық валютасын "риал" деп атайды. Латын тіліндегі regalis сөзінен шыққан, "корольдік" деген мағынаны береді. Көріп отырғанымыздай бұл атау араб әлеміне Еуропадан келген.
Реал
Реал - Бразилияның ұлттық валютасы. XIV ғасырда Кастилияда алғаш рет "күміс реал" соғылады. Күміс монеталар XIX ғасырдың ортасына дейін айналымда болады. Бұл атау да латын тілінен аударғанда "король монетасы" деген мағынаға ие.
Қытай юаньы
Қытайдың ұлттық валютасы екенін білдіретін қытай иероглифі «дөңгелек нысан» немесе «дөңгелек монета» деп аударылды. Бұл иероглиф Цин династиясы кезеңінен бері қолданылып келеді. Қытай алғаш рет ресми ақшаны 1835 жылы көрген және олар күмістен соғып жасалған. Айтпақшы қытай тілінде кез келген валюта атауы "юань" деп аталады. Мысалы олар долларды «мэй юань» дейді екен.