Соңғы айларда Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнара Кәрімованың миллиардтаған долларлары маңындағы шу басылар емес. Өзбекстан экс-ханшайымының әлемнің 12 еліндегі қаржысына кімдер таласып жүр? Кәрімованың қаржы қоржынына АҚШ-тың қандай қатысы бар? Бүгін біз осы және өзгеде сұрақтарға жауап іздеп көруге тырсытық.

Гүланара Кәрімованың басынан бағы тайып, әкесі Ислам Кәрімов дүниеден озғалы оның батыс елдеріндегі банк шоттарындағы бұғатталған миллиард долларына талас жүріп жатқаны белгілі. Бастапқыда бұл талас ресми Ташкент пен АҚШ билігі арасында жүрген болса, енді оған өз кезінде Кәрімовтен қысым көрген шетелдерде қашып жүрген бір топ саясаткерлер мен құқық қорғаушыларда араласа бастады. Олар Ислам Кәрімов пен Гүлнарадан көрген жәбірлерінің есебі ретінде Өзбекстанның экс-ханшайымының қаржысына ортақтасқысы келетіндерін ауық-ауық айтып, халықаралық ұйымдарға хат жолдау арқылы білдіріп жүр.

Өзбекстандық саясаткерлер мен құқық қорғаушылар Гугушаның миллардын 2003 жылы «Қазақгейт» дауында АҚШ, Қазақстан билігі және азаматтық белсенділер келісіп құрған «Бота қоры» сынды қор құру арқылы қайтарып алғысы келеді. Ол кезде қазақ белсенділері «Қазақгейт» дауымен АҚШ банктерінде бұғатталып қалған 78 млн долларды «Бота қоры» арқылы АҚШ-тың қадағалауымен Қазақстан халқының игілігіне пайдалану үшін елге қайтарып алған болатын. Бірақ Өзбекстан белсенділерінің жасап жатқан бұл қадамдарынан дәл сондай нәтиже шығады деп айту өте қиын. Себебі өзбек белсенділері бұл бастамаларын Қазақстандағыдай жұртшылық талқысына салып, елдің зиялы қауымы мен азаматтық белсенділерінің ауызымен сөйлеткен жоқ. Оның үстіне АҚШ бұл қаржыны Өзбекстанға қайтару үшін ресми Ташкентке өзінің талаптарын қоюы мүмкін. Ол талап АҚШ-тың Орталық Азиядағы геосаяси мүдделеріне байланысты деген де ақпарат бар. АҚШ-тың Қырғызстандағы Манас әскери базасын Бішкекке қайтарып бергеннен кейін, Ауғанстанға әскер мен қару-жарақ тасмалдауы қиындағаны белгілі. Сол себепті Ақүй Ташкентке Гүлнараның миллиардын қайтару үшін Өзбекстан аумағынан әуежай немесе әскери база сұрауы мүмкін.

Ал АҚШ-тың бұл талабына Шавкат Мирзиеевтың келісуі екіталай. Өйткені ол билік басына келе салысымен Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесіп, өзінің Ислам Кәрімовтей жабық есік саясатын ұстанбайтынын байқатқан. Егер Гүлнара Кәрімованың миллиарды маңындағы жағдай осылай қарай өрбитін болса, онда ол қаржы Өзбекстан еліне жақын уақытта қайтпайды деген сөз.

“The Qazaq Times”