Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде мемлекеттік тілді оқыту бойынша жаңа оқу жылының басталуы салтанатты түрде ашылды. Соның бірі – Алматы қаласында орналасқан 7552 әскери бөлімінде өткен шара. Осы шара барысында Алматы қаласында мемлекеттік тілді әр түрлі мекеме қызметкерлеріне оқыту, насихаттау, қызмет аясын кеңейту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырылды, жеке құрамға қазақ тілінен понорамалық сабақтар өткізілді, тіл мамандары арасында іс-тәжірибемен бөлісу семинары өтті.

Аталған жиынға Ұлттық ұланның Алматы гарнизонында орналасқан әскери бөлімдерінің тіл мамандарымен қатар Алматы қаласының  Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жауапты қызметкері Шаймерденов Нұрмұқа Рыспайұлы, «Ұлағат» халықаралық инновациялық білім беру орталығы мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы Мыржықбаева Анар Бейсенқызы, ұлттық аудиторияда қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздар арасында өткен қалалық байқауда «Үздік қазақ тілінің мұғалімі» атағының иегері атанған, оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Қасымжанова Замира Асқарқызы қатысып, өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақ тілінің қоғамдық қарым-қатынастағы маңызы күн санап артып келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заң талаптарына сай қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық мемлекеттік мекемелердің, оқу-тәрбие орындарының жұмысында біркелкі қолданылады. Әлеуметтік зерттеу нәтижелері де соңғы жылдары қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанын аңғартады. Соған қарамастан қоғамдық қарым-қатынастағы, мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесі күн тәртібінен түспек емес.

Өз қарым-қабілетін танытып, лауазымды қызмет атқарудан үмітті кез келген жан өз мақсатына жету жолындағы алғашқы қадамын қазақ тілін толық меңеріп алудан бастағаны абзал.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында мемлекеттік тілді оқыту, қызметте қолданылуын дамыту жұмыстары, түрлі насихаттық сипатта ұйымдастырылған іс-шаралары жаңа қарқын ала түскендігін атап кету керек!

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар басқармасының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі офицері Данара Баймағанбетова

"The Qazaq Times"