Жақында Мәскеуге Ливия ұлттық әскерінің қолбасшысы Халифа Хафтар ресми іс-сапармен келді. Ол Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесті. Кездесу барысында Халифа Хафтар Ресейден әскери көмек сұрады. Бұл Мәскеудің Таяу Шығыста екінші әскери фронт ашуы емес пе? Ресей билігі Хафтарды қабылдау арқылы одан екінші Муаммар Каддафи жасамақ па? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көруге тырыстық.
Ресей Федерациясының Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливияда Муаммар Каддафиді тақтан тайдыруға байланысты қарарына вето қоймай жіберген қателігінен кейін Мәскеуге Халифа Хафтардің келуі Кремльдің 2016 жылы Ливияда батыс елдері мен АҚШ-қа жіберген есесін қайтаратын мүмкіндіктердің бірі. Олай дейтін себебіміз Халифа Хафтар Мәскеуге келе салысымен Ливия аумағының 90 пайызы, оның ішінде мұнай ошақтарының барлығы өзіне тиесілі әскери топтардың бақылауында екенін мәлімдеді. Хафтардің бұл сөзі Кремльді қызықтырмай қоймайтыны сөзсіз. Өйткені батыс пен АҚШ-тың қалың санкциясының ортасында отырған Ресей үшін Ливия қара алтыны таптырмас пайда. Оның үстіне дәл осы Ливия дағдарысынан кейін әлемде мұнай бағасы құлдырап кеткен болатын. Егерде Ресей Хафтарге көмек қолын созып оны Каддафидің орынына қоятын болса, онда әлемдегі мұнай бағасы тұрақталуы мүмкін. Себебі әлемдегі мұнай өндіруші елдерге ОПЕК тарапынан қойылатын шектеулер Ливия мұнайына әскер етпейді.
Муаммар Каддафи тұсында Ресейдің Ливиядағы күші батыс елдеріне қарағанда басым болған. Бірақ бұл басымдықты Дмитрий Медведев президент болып тұрған кезінде уысынан шығарып алғаны белгілі. Мәскеу осы уақытқа дейін Ливия аумағынан Каддафидің орнын басатын, елді күшпен біріктіре алатын тұлға іздеп келген. Осы мақсатта Халифа Хафтардің алдында Мәскеуге ресми іс-сапармен Ливияның әлем елдері мойындаған билігінің басшысы Фаез Саррадж келген болатын. Ол да Кремльден елде тұрақтылық орнату үшін әскери көмек сұраған еді. Бірақ Мәскеу Саррадждың бұл сұранысын қараусыз қалдырған. Себебі қазір Ливияда Саррадж ресми мемлекет басшысы болып саналғанымен, оның бақылап отырған аумағы тек ел астанасы Трипалидің көшелері ғана. Бірақ Саррадж өз күшінің әлсіздігіне қарамастан қазіргі таңда Хафтарге басты саяси қарсылас. Осы уақытқа дейін Хафтар мен Сарраджды бір мәмілеге келуге шақырып, батыс елдерінен бастап Ресейге дейін бірнеше рет қадамдар жасап көрген. Бірақ оларынан түк шықпаған болатын.
Қорыта келгенде, Мәскеу Халифа Хафтардің сұранысын қабыл алып оған әскери көмекті тек бір ғана келісім бойынша беруі мүмкін. Ол - Хафтар билік басына келгеннен кейін, Кремльдің Ливия аумағында өз саясатын еш кедергісіз жүргізуі. Естеріңізде болса, Ресей мұндай тәсілді кезінде Сүриядағы азамат соғысы кезінде Дамаскінің қазіргі билігіне де қолданған болатын. Мәскеудің бұл тәсілінің нәтижесі қандай болатынын Асад пен Путин арасындағы қарым-қатынастан-ақ байқауға болады. Бір сөзбен айтқанда қазір Ресейге Ливияда керек кезде өзін қолдайтын екінші Каддафи керек. Ал ол рөлге Халифа Хафтардің лайықты, лайықты емес екенін уақыт көрсетеді.