Пентагондағы бірқатар басқарушы позициялардың бос тұруы қорғаныс саласында өнім шығарумен айналысатын компаниялардың жұмысын тежеп отыр. Бұл туралы олар жыл сайынғы әскери компаниялардың басқосуында мәлімдеді. Аталған ақпарат Reuters ақпараттық агенттігі сайтында жарияланды.
Әскери компания басшылары өз пікірінде АҚШ Президенті Дональд Трампты тікелей айыптамаса да, Пентагондағы басшылық қызмет орындарына жаңа жұмыскерлер тағайындау процесінің ұзаққа созылуы қорғаныс саласындағы кәсіпорындарды жаңа келісімшарттар мен келер жылғы нарықты болжаудан қалдырып отырғанын жеткізді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазір Пентагонда әскери-теңіз флоты министрінің орынбасары, бас хатшы, бас инспектор сынды 42 қызмет орны бос тұр. Олардың 13-не кандидаттар бар, қалған 23 орынға таласып отырған азаматтар жоқ. Бұл қызметтерге лайықты адамдарды Сенат бекітеді.
Ақ үйдің ресми өкілі: "Сенаттың берілген кандидаттарды уақытылы бекітуіне демократтардың қарсылығы кедергі болды", - деп мәлімдеді.
АҚШ-тың әскери күштеріне қару-жарақ жеткізетін компаниялардың бірі Сенаттың жұмысын баяу атқаруы қорғаныс техникаларын өндіретін компанияларды Үкіметпен жасалатын ірі келісімшарттардан айырып отырғанын айтады.