Халықаралық ЭКСПО-2017  көрмесі аймағында Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев, Алматы облысының әкімі А.Баталов, «ӨКМ Операторы» ЖШС бас директоры С.Коротенко, Қазақстанның   Экологиялық  ұйымдары  қауымдастығының Басқарма Төрағасы А.Махметов қатысуымен «Forsite» кездесуі өтті.

Кездесудің басты мақсаты - үздік әлемдік тәжірибені  негізге ала отырып, заманауи   технологияны пайдалану арқылы қалдықтарды  басқарудың аймақтық  инновациялық  жүйесін  құру.

«Forsite» кездесуіне халықаралық, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар шақырылып,  қатысушылар қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруда идеологиялық жұмыс жүргізу мәселесін бірлесе талқылады. Атап айтқанда балалар,  жастар және ересектер арасында экологиялық білімді көтеру мәселесі қозғалды.

Кездесу  барысында ҚР Энергетика министрлігі, Астана қаласының және Алматы облысының  әкімдігі, «ӨКМ Операторы» мен Қазақстанның экологиялық ұйымдары Қауымдастығы қалдықтарды  қайта  өңдеудің  тетігін, соның  ішінде  жеке  және  заңды  тұлғалардың ҚТҚ бөлек жинау жүйесін енгізудегі маңызды мәселені бірлесе шешуге арналған ұзақ мерзімді әріптестік жөнінде Меморандумға  қол қойды.

Шара аясында Қазақстанның экологиялық ұйымдары Қауымдастығының құрылғандығы ресми түрде мәлімделіп,  қауымдастықтың «Денсаулық үшін", "Баламның болашағы үшін", "Мен Жасыл Қазақстан үшін» атты алғашқы жобалары таныстырылды.

“The Qazaq Times”