Дүйсенбіден ала доптың айналасындағы болып жатқан жағдайлар үш ұйықтасаң түсіңе енбес оқиғаларымен таң қалдырып келеді. Әлеуметтік желілердің барлық түрінен тек бір жанның фотосуреті әр түрлі реңде қайталана бергені ешбір жанды елең еткізбей қоймаған шығар. Әсіресе жастар жағы. Интернет сайттары да тынбай сол образ иесі жайлы білсе де білмесе де рейтингті сақтау үшін бірінен бірі өтіп сенсация жасағысы келетін секілді жазып жатқанына не дерсің. Иә, мұндай жағдай болады деп тіпті көріпкелдеріңізде болжап үлгермеген болар қазірге.
Кейбір фильмдерде басты рөлді сомдаушы кейіпкерді киноның басталуынан байқалмауы мүмкін. Бұл жағдай әрине сценарист пен режиссердің ойының тұтасқан шеберлігінің арқасында болатын жағдай. Тым құрығанда киноның орта тұсына келген кезде байқай бастайсың. Себебі ол, сол фильмде өзінің басты рөлдің иесі екенін көрерменге дәлелдеп келеді. Біздің бүгінгі басты кейіпкеріміз де өзінің бұл оқиғада басты кейіпкер екенін жасыруға тырысқанымен оқиғаның соңына қарай өзін өзі әшкере етіп алған сияқты.
Жасыл алаңдағы жазғы трансфер басталғалы футболшылардың емес, клуб президенттерімен футболшылардың агенттері өзара футбол ойнауға кірісіп кеткен секілді. Ең көп талқыға түскен Роналдоның Реал сапынан кетуі жайлы тараған сөздерден де мына жағдай ушығып кетті десек қате болмайтын шығар. Бастапқыда Неймар , Роналдо секілді өзінің қалтасын қампайту мақсатында «Барселона» клубына ойын қылып жатқан секілді еді. Жоқ. Бразилиялық жұлдыз шынымен дайындалған екен клубтан кету үшін. Соңында кетті, міне. Мұны каталониялықтар да ресми түрде дәлелдеді. Мессиде инстаграм парақшасында ролик тәрізді көріністе қоштасты. Енді фильмнің қалған бөлімі Парижде жалғасын таппақ.
Бұл трансфердің тағы да бір артықшылығы тек ақшасында емес. Кеше ғана қызыл құбыжықтардың «МЮ» сапына қосылған Погбаның Манчестерге келер алдында тараған әңгімелер мен бүгінгі пікірталастың арасында үлкен айырмашылық бар. Сатып алушыларға қарағанда сатып жібергендер жайлы көп айтылып жатқаны қызық. Погба мен Неймарды салыстыруға келмес мүмкін, бұл әрине мысал ретінде айтылып отыр. Неймарға өзінің дәрежесіндегі ойыншылармен салыстырған да дұрыс шығар бәлкім.
Әуелі, соңғы кездерде жұлдызды ойыншылардың соңғы бекеті Реал не болмаса Барселона клубтары болып қалғаны ешкімге жасырын емес. Енді есімі танылып келе жатқан футболшыны осы екі клубтың біреуі сатып алуына әбден көндігіп қалғанымыз соншалықты, футболға немқұрайлы жандар да енді танылып келе жетқан футболшыны көре қалса Реал немесе Барселона алатын шығар деп отыратын болған. Бірақ Неймар және де биікке өрлеу үшін клубтан кетіп жатқан болуы керек. Себебін айтпай ақ өзіңіз біліп отырған шығарсыз. Иа ол Мессидің көлеңкесінде қалып қойғандай сезіле береді. Мүмкін Неймар басқа мақсаттарды көздеген болар ә?
Қазір каталондық жанкүйерлер арасында Неймарды сатқын деп айып тағып жатқандар табылады. Рас. Солай болуы да керек. Бұл жағдай көбірек Луиш Фигоны еске түсіреді. Бірақ Фигоның «Барса»-дан «Реал»-ға келуіндегі көзделген мақсат басқа еді. Сосын ол біз көріп үйренген «Эл классико»-дан басқа жаққа кетпеген. Яғни өрлеу сатысында дұрыс шешім болған. Ал Неймардың Парижге жол алуы, көпшіліктің ойында: кезінде Роналдиноның «Барса»-дан кетіп көп өтпей жұлдыздық сәтінің сөнгені тәрізді Неймар да осы жағдайға тап болмаса екен деген болжам жатқан сияқты. Әрине Роналдиноның кету себебі мен Неймардың «ПСЖ»-ға өтуі мүлдем сәйкес келмейтін басқа мәселелер болса да, дәл қазіргі бразилиялық жұлдыздың тұрған биіктігінен төмен қарай құлап бара жатқандай.
Бір жағынан осылай болғаны да дұрыс шығар. Кім көрінген Испан клубтарының жанкүйері болып кетпеуі керек шығар. Әйтеуір қазір көшеде кетіп бара жатқан бір топ бала көрсеңіз жартысы «Реал» қалғаны «Барселона» екені өтірік емес. Арасында басқа клубтың жанкүйері де болсын дегені шығар. Мейлі, Неймар Парижге барып біз ойлағаннан бірнеше есе мықты ойын көрсетер. «Алтын допты» да алар бәлкім. Бірақ Футбол өз тарихындағы ең мықты «ҮШТІК»-тен айрылды, бәлкім. Міне осының өзі ақ тек Барса тарапына емес кез келген жағынан қарасаңыз да әйтеуір бір апатты көріністің бейнесі елестей береді.
P/S: Сонымен басты рөлді сомдаушы кейіпкерді танып үлгердіңізбе? Месси дейсіз бе? Мүмкін! Бірақ Барселонаның жаңа каролі бапкер «Вальверди»ді ұмытпағаныңыз жөн болар. Себебі Каталонияның ертеңгі күні осы кісінің мойнына жүктетілгенін естен шығармаған жөн. Ал енді басты кейіпкер кім екенін өзіңіз ақ біліп ала беріңіз.
Нұрғиса Камалбек