Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистермен өткен баспасөз конференциясында: "Сүрияда Башар Асадты қолдап, мемлекеттік күштердің қатарында күресіп жүрген Ресейдің қарапайым азаматтары - еріктілер. Сондықтан Ресей Үкіметі мен Қорғаныс министрі оларға қатысты шара қолдана алмайды", - деп мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі жазады.
Ресейдің Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, осы жылы Сүриядағы соғыста 10 әскери қаза тапқан. Reuters агенттігінің жүргізген тәуелсіз сараптамасы бұл көрсеткіш мемлекет ұсынған ресми деректерден бірнеше есеге артық деп, құрбандардың саны 40 екенін алға тартады. Мұнан алдыңғы есепте 15 айда 36 әскери көз жұмғаны белгілі болса, соңғы 7 айдың өзінде 40 адамның қазасы орын алғаны анықталды. Бұл Ресей соғыс алаңында өз әскерін көз ілеспес жылдамдықпен жоғалтып жатқанын көрсетеді.
Агенттік қызметкерлері құрбандардың өлімі туралы деректі көп жағдайда олардың жақындары, ал 10 жағдайдың тоғызында "суық хабарды" жергілікті ақпарат көздері мен әлеуметтік желілердегі ақпарат растағанын айтады.
Reuters агенттігі: "Ресей Үкіметі халық арасында Сүриядағы соғыста қаза тапқандардың санын азайтып көрсетуге, шынайы деректерді жасыруға тырысады. Бұл мақсатта өлім құшқан әскерилердің отбасы мен жақындарына, "үндемеулері" үшін ақша береді, мемлекеттік БАҚ-тарда Сүрия дағдарысы жөнінде негізінен позитивті нотадағы мақалалар жазылады", - дей келе бұл іс-әрекеттерді Владимир Путиннің келесі жылғы президенттік сайлауда билікті қайта өз қолына алғысы келетіндігімен байланыстырады.
Агенттіктің жеке зерттеулеріне сүйеніп шығарған тағы бір қорытындысы - Сүрияда соғысып жүргендердің ішінде, Таяу шығыстағы дағдарысқа аттанғанға дейін Ресей әскери бөлімшелерінде келісімшарт негізінде жұмыс істеген азаматтар да бар, ал мемлекет мұны жасырып отыр. Өйткені Ресейдің заңы бойынша, олар мемлекеттің атынан шет елдегі соғыс операцияларына жіберілмеуі керек.