Қазақстанда компаниялардың алдағы уақыттағы салық міндеттемелерін жабу үшін жаңа Салық кодексіне салық кредитін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.
«Салық кодексіне салық консультанттарының институты, қашықтағы аудит енгізіледі және салық кредитін енгізу жоспарланған. Яғни кәсіпорын ашылады, оған түсім түседі және табыстың болуын күтеді, бірақ кейін салықтары пайда болады. Осы жағдай бойынша салық міндеттеріне байланысты жаңа нұсқаны қарап жатырмыз - ол салық кредиті. Яғни ол салықты төлемей қоя тұрады", - деді бірінші вице-министр Үкіметтің баспасөз мәжілісінде.
Сондай-ақ, оның пікірінше, салықтық тексерулердің бір бөлігі аутсорсингке берілу керек.
"Әкімшілік жауапкершілікті жеңілдету үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Енді тексерулердің бір бөлігін аутсорсингке беру керек. Бизнес бизнесті тексеріп көрсін. Кімде-кім жасыл аймаққа шықса оларды ұмыта беруге болады. Ал қызыл немесе сары аймақта қалғандар болса, оларға не көмек, не әкімшілік жауапкершіліктер, яғни тексерулер қажет болады", - деді ол.