Иорданияда зорлау фактісі үшін айыпталғандарды өз құрбандарына үйленген жағдайда жазадан босататын заң күшін жойды. Бұл туралы Әл-Жазира (AL-Jazeera) ақпараттық агенттігі жазады.
2016 жылдың қазан айында Иордания королі Абдулла II арнайы комитетке сот жүйесін реформалап, 1960 жылдан бері келе жатқан Қылмыстық Кодексті қайта қарау туралы тапсырма берген болатын.
Осы тапсырманың аясында, қоғам белсенділерінің пікірі ескеріліп, Қылмыстық Кодекстен зорлау фактісіне кінәлі азамат өз құрбанына үйленіп, онымен ең кемі 3 жыл бірге тұрған жағдайда, өзіне тағылған айыптардан босайтыны қарастырылған 308 баптың күші жойылды.
Иорданиядағы жартылай мемлекеттік "Әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссия" ұйымының бас хатшысы Сальма Нимс: "Бүгін Иордания үшін тарихи маңызды күн. 308-баптың Қылмыстық Кодекстен алынып тасталуы - құқық қорғау органдары мен қоғамдық бірлестіктердің, мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі", - деді.
Көп жылдар бойы аталған бапты әйел адамның арын сақтаудағы маңызды құрал көретіндер мен адам құқығы үшін күресетіндер арасындағы қызу талқыға негіз болып келді. Парламенттің шешімі шығарылғанша, ғимарат сыртында әйел құқықтарының қорғалуына мүдделі топ бейбіт шеру ұйымдастырды.
Енді аталған шешімді Парламент Сенаты қолдаса, құжат Иордания королі Абдулла II қол қоюына жіберіледі.
Өткен аптада Тунисте де осыған ұқсас шараға тыйым салынып, "Кез келген зорлық-зомбылық әрекеті қатаң жазаға лайық" деген мәлімдеме жасалған еді.