Пәкістанда бұрынғы табиғи ресурстар және мұнай министрі Шахид Хакан Аббаси Премьер-министр болып сайланды. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазады.
Шахид Хакан Аббаси ықпалды "Пәкістанның Мұсылмандар лигасы" партиясына мүше. Билеуші партия Ұлттық Ассамблеядағы 342 орынның 188-не ие. Ал жаңадан тағайындалған премьер министрді қолдап, 221 Ассамблея мүшесі дауыс берген.
28 шілде күні "жемқорлық жасады" деген айып тағылған Пәкістанның бұрынғы Премьер-министрі Наваз Шариф Жоғарғы Соттың шешімімен қызметінен босатылған болатын.
Шахид Хакан Аббаси АҚШ-тағы Джордж Вашингтон атындағы университеттегі оқуын тәмәмдаған соң, бірнеше жылдар бойы Америка мен Сауд Арабиясында энергетика саласында инженер болып қызмет еткен. Пәкістанға оралғаннан кейін, саясатқа араласып, Ұлттық Ассамблеяға 6 рет қатарынан сайланған. Ел ішінде "революциялық мәтіндегі үндеулермен сөйлейтін еңбекқор министр" есебінде танылған шенеунік қазір Пәкістандағы ең ірі Air Blue әуе компаниясының иегері.
Естеріңізге салайық, шілденің 28 күні Пәкістан жоғары соты бұдан бұрынғы премьер Наваз Шарифті отбасы мүшелерінің жемқорлық дауына қатысы бар деген айыппен оны қызметінен босатқан болатын. 2015 жылғы «Панама деректерінде» Наваз Шариф балаларының оффшорлы компаниялармен байланысы бар екендігі белгілі болған.
«Панама құжаттарын» 2015 жылы Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы жариялаған. «Панамагейт құжаттарында» оффшорлы шоттары бар қазақстандық азаматтардың да аты аталған болатын.