Мексиканың Сыртқы Істер министрлігі Венесуэлада өткен сайлаудың қорытындыларын мойындамайтынын мәлімдеді. Оған дейін Аргентина, Колумбия, Перу мемлекеттері де Венесуэла билігінің әрекетін айыптап, өткізілген сайлау демократиялық принциптерге қайшы келетін диктатураның көрінісі екендігін ашып айтып еді.  Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігі хабарлады.

Өткен жексенбіде Венесуэлада ел Конституциясына  өзгерістер енгізу мақсатында жұмыс істейтін құрылтай жиналысына сайлау өтті. Бұл сайлаудың өтуіне халық және оппозиция тарапынан қарсылықтар ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жалғасып келеді.

Билік өкілдері сайлауға халықтың 41,5 пайызы қатысты деп жариялағанымен, әлем қауымдастығы және жергілікті оппозиция бұл мәліметтерге сенбейді. Олар "сайлауға келіп, дауыс бергендер ел Үкіметі тарапынан қысымға ұшыраған болуы ықтимал" деген болжам жасайды.

Оппозицияның ұсынған ақпараты бойынша, Венесуэланың 88 пайыз тұрғыны сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартқан. Сондай-ақ сайлау барысында полиция мен халық арасында болған қақтығыстар нәтижесінде, 10 адам қаза тапқаны белгілі болды.

“The Qazaq Times”