Соңғы уақытта Өзбекстанда болып жатқан жағдайлар өзін жер бетінің жарты құдайы санайтын саяси элиталық топтарға сабақ бола ала ма?

Кеңестер одағы құлағалы бері Орталық Азия елдерінде билік басында отырған адамдардың жақын туыстарының сотталуы дәстүрге айналды. Жақында Бішкек соты Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың күйеу баласы Әділ Тойғанбаевты сырттай 20 жылға, экс-президент Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиевті өмір бойы бас бостандығынан айырды. 2008 жылы  Алматы қаласының соты Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевті қайтыс болмай тұрып сырттай 40 жылға соттаған еді.

Орталық Азия елдері президенттерінің туыстары істі болу дәстүрін енді міне Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтің қызы Гүлнара Кәрімова жалғастырды. Бірақ Кәрімованың ісі бұрынғы істерден өзгерек болып тұр. Себебі бұған дейінгі осыған ұқсас жағдайлардың барлығында президенттердің жақындарын шет елдерге қашып кеткеннен кейін барып соттаған еді. Ал Гүлнара Кәрімованы өз елінде алты бірдей бап бойынша күдікті деп танып, қамауға алды. Бұл Орталық Азия, тіпті ТМД көлемінде болмаған жағдай.

Қазіргі уақытта Гүлнара Кәрімованың маңында болып жатқан жағдай Орталық Азия мемлекеттерінің басқарушы элитасының кез келгенінде болуы мүмкін. Өйткені Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қазақстан елдерінің қай-қайсын алып қарасаңыз барлығында да қауіпсіздік кепілі заң немесе Конституция емес, жекелеген тұлғалар, президенттер, премьерлер тағысын тағылар. Бұл ертең билік ауысатын кезде саяси элиталар арасындағы қақтығыста жеңілуші тарапқа ауыр соққы болып тиері хақ. Бүгінгі Гүлнара Кәрімованың қамауға алынуы сол жеңілуші тараптың көрінісі. Осы уақытқа дейін Өзбекстанда құқықтық мемлекет қалыптастыруға, заңдық негізде тәуелссіз сот жүйесін құруға құлықсыздық танытып келген Кәрімова, енді сол олқылықтың зардабын өзі шегейін деп отыр. Себебі кеше Ислам Кәрімов өзіне қарсы келген азаматтық белсенділер мен тәуелсіз журналистерді жемқорлыққа белшесінен батқан әділетсіз сот жүйесімен қалай соттаса, бүгінгі билік Гүлнара Кәрімованы дәл сондай жолмен темір тордың ар жағына жібермек.

Қорыта келгенде Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде демократияны белінен басып, Конституцияны қалауынша өзгертіп келе жатқан Қазақстан билігі Гүлнара Кәрімова оқиғасынан сабақ ала алды ма? Елде тәуелсіз сот жүйесін құру, азаматтық қоғам қалыптастыру бірді-екілі азаматтық белсенділер мен оппозициялық топтарға ғана емес, болашақта өздеріне де керек екендігін түсінді ме? Ол жағы бізге белгісіз. Бір білеріміз қазірдің өзінде Қазақстанда кешегі билік басында болған азаматтар Гүлнара Кәрімованың кебін киіп, істі болып сотталып жатыр. Ертең жоғары лауазымды қызметінен айырылған біреудің ұл-қызы қаржы жымқырды деген айыппен қамауда отыр десе, таң қалмаймыз. Өйткені демократия аяқасты болған елде билікке талас тек осындай жолмен ғана жүретіні белгілі.

“The Qazaq Times”