Қазіргі кезде әлемдік ақпарат кеңістігінде қызу талқы тақырыптарының бірі - Ресей мен АҚШ президенттерінің «құпия» кездесуі. Құпия дейтініміз бұл бейресми кездесу туралы екі ел үкіметтері де ресми мәлімет бермеген болатын. Тек, 18 шілде күні ғана Ақүй Трамп пен Путиннің екінші рет кездесуін растады. Осыған дейін құпия сақталып келген кездесудің мақсаты мен сөз болған тақырыптар әлі де беймәлім күйде. Алайда, Батыс медиаларының хабарына қарағанда АҚШ шенеуніктері кездесудің естеліктері мен сипаттамалары сақталды деп отыр.
Америкалықтар мен Уашингтон айналасындағы шенді-шекпенділердің Путин пен Трамптың бейресми кездесуіне қатты қадалатыны даусыз. Осыған дейін де Уашингтон саяси топтары арасында Трампты «Ресейшіл» деп санап келген көзқарастар басым. Ал, Уашингтондағы екі жүз жылдан бергі «анти-Ресей» ұстанымы әлі де бар болады екен, Путинге бейресми жолығып, пікір алмасқан Трамптың әрекеті АҚШ-ты бейжай қалдыра алмайды. Қазіргі кезде Құрама Штаттың түрлі басылымдары Трамп пен Путиннің екінші рет кездесуі туралы күн құрғатпай жазуда. Осыдан-ақ, АҚШ-Ресей қарым-қатынасы ғана емес, әлемдік саясат алаңында да бұл кездесудің салмағын байқау қиын емес.
Олай болса, Трамп пен Путиннің екінші рет кездесуі сірә қалай болды? Осы туралы әлемдік басылымдар мен ақпарат көздеріне шолу жасап көрелік.
Трамп АҚШ президент тағына отырғаннан бері Путинмен алғашқы кездесуі 7 шілдедегі G20 саммитінде болып өтті. Жарты сағат деп жоспарланған кездесу уақыты 2 сағатқа созылған. Ал, қызметінен кетіп жатқан Ақүйдің баспасөз мәлімдемешісі Шон Спайсер мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мәлімдемешісі Майкл Антон 18 шілде күні АҚШ-Ресей басшыларының кешкі аста бірге болғанын растады. Дегенмен, кездесудің қалай және қанша уақытқа созылғаны туралы ашып айтпады. Антонның сөзіне сенсек, бұл бір реткі бейресми кездесу немесе ресми келіссөз болып саналмайды. Трамп пен Путин саясат пен үкімет ісінде емес, көбіне еркін тақырыптарда әңгіме өрбіткен. Сондықтан бұл кездесу келіссөз ретінде сипатталмайды.
Associated Press және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының хабарында Трамп пен Путин қатысқан қонақасыны иесі саммитте отағасы ел болып отырған Германияның канцлері Ангела Меркель делінген. Бұл мәліметті аты-жөнін білдіргісі келмеген АҚШ шенеуніктерінің бірі берген. Оның айтуынша, Трамп бұл кешкі қонақасыда көптеген елдердің басшыларымен әңгімеде болған, тек қонақасы аяқталуға жақындағанда ғана Путиннің жанына келіп, қысқа ғана пікірлескен екен. Екі басшысының бұл «қысқа пікірлесуіне» Путиннің аудармашысы қатысқан. Ал, Трамптың жанындағы аудармашысы жапон тілі аудармашысы болып, ол орыс тілін білмейтін болып шыққан. Сондай-ақ, АҚШ шендісінің сөзіне қарағанда екі президенттің бұл пікір алмасуы жұрт айтқандай күрделі емес, қайта өте қалыпты жағдай екен.
Ал, Еуразия Груптың төрағасы Иэн Бремердің берген сипаттамасы бұдан сәл өзгеше. Оның айтуынша, саммитке қатысқан барлық лидерлер мен халықаралық ұйымдардың басшылары түгелдей аталған кешкі қонақасыға қатысқан. Олар орындарға өз еркімен талдап отырған. Трамп болса Путиннің жанына барып орын алып, екеуі бір сағат мөлшерінде қызу әңгімелескен. Олар тіпті ежелгі таныс адамдардай еркін, жайдары сөйлесіп кетіпті. Путиннің аудармашысы оларға аудармашылық еткен.
Бремердің айтуынша, Трамп пен Путиннің жанында бір ғана Путиннің аудармашысы ғана болған көрінеді. Ол өзге ешбір адамның олардың не туралы сөйлескенін айтып бере алмайды дегенді айтады. Сонымен бірге Бремер: «Трамптың аудармашы ертпей, Путинді кеңеске тартуы АҚШ Ұлттық қауіпсіздік ережесіне қайшы, – деді.
Трамп пен Путиннің бейресми кездесуі және көбірек пікірлесуі Кремльден гөрі Уашингтонды терең уайымға батырары анық. Әлемге өктемдігін жүргізгісі келетін алпауыт елдердің билігі жөнінен алып қарағанда, президенттерінің мұндай кездесуін бақылаудан шығарып алуы, шахматтағы бір реткі орны толмас қателікпен бірдей. Алдағы уақытта екі партияны қамтыған шенділердің Трампқа деген наразылықтарының күшеюі мүмкін. Дегенмен, Путин мен Трамп осы бір емен-жарқын әңгіме үстінде әлемдік геосаясатқа тың өзгеріс енгізуді сөз етті ме, кім білсін?!