2017 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда жалпы құны 64,5 млрд теңгені құрайтын 8,6 мың көлік құрастырылған. Бұл туралы Қазақстанның автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.

Қауымдастықтың мәліметінше, құрастырылған көліктер саны өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6,4 мың бірлікке артық. Осы жылдың маусымында-ақ 1,8 мың көлік шығарылған.

Құрастырылған көліктердің 90,1 пайызы жеңіл автокөліктер. Яғни жол талғамайтын көлік және седан секілді 7,8 мың көлік құрастырылған. Ал жүк көліктері мен автобустар шығарылымы 9,93 пайызды құрайды немесе 858 дана.

Айта кетейік, Қазақстанда Lada Largus, Peugeot Partner, Jac J6 сынды коммерциялық техника түрлері және Hyundai, Камаз, Урал, Iveco, Shacman сияқты жүк көліктері құрастырылады. Сондай-ақ, осы жылы  Iveco, Daewoo маркалы 313 автобус шығарылған.

Ал осындай отандық өндірістен шыққан көліктердің сатылымы 35,3 пайызға артқан және ең көп сатылған көлік әдеттегідей Lada. Одан кейін KIA, Hyundai және Chevrolet тұр.

“The Qazaq Times”