Өзбекстан мен Қазақстан арасында аймақтық әріптестік немесе жасырын бәсекелестік басталды, деп хабарлайды парсы ақпарат агенттігі.
Биылғы жылдың 23 наурызында Астанаға Өзбекстанның жаңа Президенті Шавкат Мирзиеевтің сапарлай келуі барысында екі ел басшылары Өзбекстан мен Қазақстанның аймақтық ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойды.
Осы келісімге сәйкес, Өзбекстан мен Қазақстан сауда-экономика, мәдениет, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жұмыс орындарын ашу, туризм, қоршаған ортаны қорғау салаларында өзара тиімді ынтымақтастық жасау мақсатында бағдарлама дайындап, тиісті шаралар атқаруға келіскен еді.
Осы келісімге қол қойылғаны туралы хабардың таралуы және Өзбекстан мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың жалғасқанының жариялануы әлемдік саяси орталардың назарын мына қырынан өзіне аударды: бұл екі республика тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Орта Азиядағы басқа елдерді қоспағанда жарияланбаған бәсекелестік жүргізіп, аймақтық және халықаралық қатынастарға түскен болатын.
Тіпті, Өзбекстан мен Қазақстан аймақтық ұйымдарға кірер кезде де осы екі елдің саяси-экономикалық және әлеуметтік қажеттілігі назарға алынбай, әртүрлі ұйымдарға мүшелік етуі олардың бір-біріне деген бәсекелестік сезімі негізінде жүзеге асып отырды. Мәселен, Өзбекстан мен Қазақстанның ТМД елдері арасындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы немесе Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен басқа да осы сияқты аймақтық ұйымдарға мүше болып кірудегі ілгері-кейінділікте осы бәсекелестік пен Орта Азия елдерін басқаруды қолға алу талпыныстарын аңғарған.
Бұл қатынас Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін өзгеріске ұшырады. Дегенмен екі елдің қоғамында бұрынғыдай биліктің жоғары деңгейлерінен осы бәсекелестік белгілері байқалады.
Ал, Өзбекстан мен Қазақстандағы кейбір саяси орталар екі елдің ынтымақтастық келісіміне қол қойылуын оптимизммен қабылдап, оны "жасырын бәсекелестікті тоқтату жолындағы бетбұрыс нүктесі" деп бағалап отыр. Саяси орталардың басқа бір бөлігі пессимистік көзқарас білдіріп, екі елдің аймақтық әріптестіктері туралы келісімді "Орта Азия елдерін басқаруға қатысты бұрынғы жасырын бәсекелестіктің қайта жандануы" деп санайды.
Осындай жағдайда аймақтық және халықаралық қарым-қатынастарда Ташкент Астанаға қарағанда саяси ырықты орында тұрмағандықтан Өзбекстан осы бәсекелестікке бар күшін салып кірісуге тиісті жағдайға ие емес. Алайда бұрынғыдай екі ел басшыларының саяси шешімдерінен тамырланатын бұрынғы бәсекелестік екі елдің сыртқы саясатындағы қазіргі үдерістің өзгеруіне себеп болуы ықтимал.
Сол себепті Орта Азия жөніндегі сарапшы Сергей Савельев осы уақытқа дейін Шавкат Мирзиеев бастаған Өзбекстанның жаңа үкіметі қол жеткізген жетістіктерге тоқталып: «Ташкенттің жаңа үкіметінде барлық өзгерістер жұмсақ атқарылды. Енді Өзбекстанда Шавкат Мирзиеев билік басына келгеннен кейін Ташкент пен Астана аймақты басқаруды өз қолдарына алуға талпыныс жасап жатыр»,-деді.
Әлемдік саясаткерлердің бұл көзқарастарына тоқталып, қорыта келгенде, екі елдің өзара тиімді ынтымақтастық саласына аяқ басқанын немесе бір-бірімен қайта бәсекелесе бастағанын, болашақта сыртқы стратегиялық саясаты мен қарым-қатынасынан, экономикалық қуаты мен әскери күштерінің нығаюынан байқайтын боламыз.