«Самұрық-Қазына» АҚ топ-менеджерлері 2017 жылғы 11-12 шілдеде өткен ГФР Президенті Ф. Штайнмайердің Қазақстан Республикасына сапары аясында бизнес-делегациямен кездесіп, неміс инвесторларын жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады. 

"Жекешелендіру бағдарламасының негізгі мақсаты меншік құрамы мен құрылымын оңтайландыру арқылы басқару тиімділігін арттыру, білім мен жаңа технологияларды трансферттеу үшін шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ компанияларды жеке меншік секторға сату арқылы пайданы барынша көбейту, - дейді «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры - басқарма мүшесі Берік Бейсенғалиев.

Жаңа индустрияларды дамыту туралы «Самұрық-Қазына» АҚ  тең басқарушы директоры Ержан Тұтқышевтың сөзінше «Самұрық-Қазына» стратегиялық міндеттерінің бірі –  жұмыс орындарын құру, салық базасын арттыру,  экономиканы әртараптандыру және елдегі экономикалық белсенділікті арттыру үшін ел экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту. Оған қоса, қор жеке меншік бизнеспен бәсекелесуді жоспарламайды.

ГФР Федералды экономика және технологиялар министрлігінің Парламенттік статс-хатшысы Уве Бекмайер сондай-ақ Қазақстан-Германия серіктестігінің өзара тиімділігін атап өтті.

«Жаңа индустрияларды дамыту және жекешелендіру бойынша қор жобалары неміс бизнесі үшін қызықты. Олар жемісті ынтымақтастығымызды жандандыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді Уве Бекмайер.

Кездесу соңында Қордың топ-менеджерлері Германияның бизнес өкілдерін 2017 жылы 5-7 қыркүйекте Астанада өтетін Тәуелсіз қорлар форумына шақырды.

Айта кетейік, Қазақстандағы жекешелендіруге қатысты әркімнің пікірі әртүрлі. Бірі «елімізде ірі кәсіпорындарды сатып ала алатын адамдар аз. Оларды сатып алуға тек Forbes тізіміндегілердің ғана мүмкіндігі бар» десе, енді бірі «жекеменшікке шығарылғалы жатқан компанияларға көбіне "Самұрық-Қазына" қорында жұмыс істейтіндер немесе солармен біріккен бизнесмендер иелік етуі мүмкін» дейді.

“The Qazaq Times”