Германиялық «Deutsche Bahn» компаниясы Қазақстан әлеуетіне, экономикасы мен даму барысына баға берді.
Германияның басты теміржол тасымалдаушы компаниясы саналатын «Дойче бан» басшылығы «Бір белдеу, бір жол» жобасындағы Қазақстанның деңгейіне баға берді. Аталған компанияның Еуразияда бизнес дамыту бойынша аға вице-президенті Уве Лойшнердің пікірінше, Қазақстанда жүк тасымалы қарқынды дамып, жаңа теміржол хабтары мен теңіз айлақтары салынып жатыр. Әсіресе, Қорғас құрғақ айлағы ел экономикасына елеулі жетістік алып келуі тиіс.
Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық байланысқа тоқталып өткен Уве Лойшнер: «Биыл Қытай мен Германия арасында Жаңа Жібек Жолымен 100 мыңнан аса контейнер жіберу көзделіп отыр. Сол себептен бұл біз үшін маңызды жоба, ал Қазақстан негізгі серіктесіміз. Елдеріңіздің зор әлеуеті бар және оны сәтті жүзеге асыруда. Осының айқын дәлелі Қорғас. Теміржол байланысын жақсартуымыз керек, алдағы жылдары жүк жеткізу мерзімін 14 күннен 10 күнге дейін қысқартып, тасымал құнын арзандатуға тырысамыз. Блокчейн секілді жаңа технологияларды енгізу алға басуымызға көмек береді», – деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Германия Қазақстанның ең ірі үш сауда әріптесінің қатарына кіреді. 2017 жылы шілдеде Қазақстан мен Германия іскерлік кеңесінің отырысында құны 872 млн еуроға бағаланатын 21 келісімге қол қойылды. Ал биыл 25 наурызда Германия Қарулы Күштерінің әскери қимылдарды модельдеу және әскери медицина саласында цифрлық мониторинг жүйесін пайдалануды үйрену мақсатында арнайы жасақ бөлімшелері арасында тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол қойылды.