Осы жылдың маусым айындағы нәтиже бойынша антибиотикатер бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Ампициллин жылына 25,2%-ға қымбаттаса, антисептикалық құралдар бағасы 10,6%-ға, витамин препараттары 3,4%-ға, медициналық дәке 9,3%-ға, мақта бағасы 2%-ға жоғарылаған. Мұндай мәліметті energyprom.kz агенттігі келтіріп отыр.
Atameken Business Channel сайтының мәліметінше, Қазақстанда бағасы 5-10 доллардан аспайтын дәрілер жиі сатылады. Олардың коммерциядағы үлесі 22%-ды құрайды. Сондай-ақ бағасы бір доллардан аспайтын дәрілердің нарықтағы үлесі 2015 жылы 9%-ға, 2016 жылы 14%-ға артқан. Яғни қазақстандықтар қымбат дәрілерден гөрі қолжетімді бағадағы дәрілерді қолдана бастаған.
Сараптама агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда фармация нарығы белсенді дамып келеді. Мысалы осы жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі фармацевтикалық өнімдердің шығарылымы баға есебі бойынша 32,68 млрд теңгені құраған және көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары.
Ал дәрі-дәрмек өндірісі бойынша Алматы облысы 4,77 тонна көрсеткішпен алдыңғы орында тұр. Екінші орында Алматы - 1,5 тонна дәрі өндіріп, бір жылда өндіріс 53,4%-ға артқан. Оңтүстік Қазақстан облысы 1,07 мың тоннамен үшінші орында тұр.
Дегенмен импорт көлемі де азаймаған. Осы жылдың 4 айында импортталатын медикаменттер көлемі 1,5 есеге көбейген. Ал экспорт көлемі 19,3% шамасында.
Айта кетейік, кеше ҚР денсаулық сақтау министтір Елжан Біртанов Үкімет отырысында дәрілердің шектік бағасы белгіленетінін айтқан. Оның сөзінше, Қазақстанда баға белгілеудің бақыланбайтын жүйесі, бірінші кезекте, өндірушілердің өз дәрілерінің кез келген бағасын белгілеу құқығына ие болуынан басталады. Дәрі бағаларының әртүрлі болуына да осы себеп. Мысалы бір қаладағы дәріханалар арасында бағалардың айырмашылығы 20 пайызға жетсе, нарықта препарат тапшылығы туындаған жағдайда үстеме баға 200 пайызға дейін де өсіп кетуі мүмкін. Енді жақын уақытта дәрілердің шекті бағаларын белгілеу бұл жағдайды өзгертуі мүмкін.